Келесі жылы есту қабілеті нашар балаларға есту аппараттары мен аудио процессорлар тегін беріледі
Қазақстанда келер жылдан бастап есту қабілеті нашар балаларға есту аппараттары мен аудио процессорлар бюджет есебінен берілетін болады, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі балалар еміне қатысты бірқатар жағымды жаңалықты ортаға салды. Нақтырақ айтсақ, есту қабілеті нашар балаларға келер жылдан бастап мемлекет қолдау көрсететін болады.
«2026 жылдан бастап I–III дәрежелі есту қабілеті нашар балалар жергілікті бюджеттің есебінен есту аппараттары мен аудио процессорларды алады», - делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік ақпаратына сенсек, Қазақстанда балаларға медициналық көмекті қаржыландыру екі есе — 264 млрд теңгеден 575,4 млрд теңгеге дейін өскен.
Құзырлы мекеме Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде балаларға кардиохирургия қызметі туғаннан бастап көрсетілетін жалғыз ел екеніне баса назар аудара отырып, 2024 жылы дәрігерлер жүрекке 1700-ден астам ота жасағанын, оның ішінде 809-ы 1 жасқа дейінгі сәбилерге жасалғанын хабарлады.
Министрлік ұсынған тағы бір жағымды статистика — елімізде қазіргі заманғы технологиялар мен неонаталдық реанимацияның дамуының арқасында дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі төрт есе өскен.
Онкогематологиялық көмекті дамытуға қатысты деректер де назарға ұсынылды:
елімізде жыл сайын 5 мың бала ем алады;
шетелде балаларды емдеуге жолдама екі есе азайды (мұндай көмек Қазақстанда қолжетімді);
балалардың қатерлі ісіктері кезінде жалпы өмір сүру деңгейі 75 пайыздан асты.