Денсаулық

Елу жастан асқан әйелдерге остеопорозға скрининг енгізу керек - Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Остеопороз - тым кеш еске алатын дерт. Күнделікті әңгімеде де бұл тақырып  көп қозғалмайды. Бірақ шын мәнінде бұл ауру 50 жастан асқан миллиондаған әйелдің өміріне кері әсер етіп отыр.

Остеопороз - жай ғана сүйектің әлсіздігі емес. Ол аяқ-қолдың сынуы, операциялар, ұзақ оңалту кезеңі. Кейде адам тіпті жүріп-тұру мүмкіндігін жоғалтып, өзге біреудің көмегіне тәуелді болып қалады.

ДДСҰ деректері бойынша, 50 жастан асқан әрбір үшінші әйелдің сүйегі остеопороз салдарынан сынады.

The Guardian басылымы Ұлыбританияда әрбір екінші әйел осы дерттің салдарымен бетпе-бет келетінін жазады.

Жапония, Корея, Франция, Швеция секілді елдерде бұл мәселе әлдеқашан ескерілген, яғни остеопорозға скрининг ұлттық денсаулық сақтау бағдарламасына кіргізіп қойған.

Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, бұл тақырып әлі де назардан тыс қалып отыр.

Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігіне 50 жастан асқан әйелдерге остеопорозға скрининг енгізу керек деп арнайы ұсыныс жолдадық, - деп жазды депутат. 

 

Ол осы тақырыпта аналармен сөйлесіп, уақыт өткізіп алмай тексеруден өтудің қажеттігін айтты.  

 

Депутаттың айтуынша, мәжілістегілер бұл скринингті ұлттық серининг тізіміне енгізу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.