Денсаулық

Елімізде «Әйелдер консультациясы» бөлімшелері қайта жұмыс істей бастайды

Қазақстанда «Әйелдер консультациясы» бөлімшелерінің жұмысы қалпына келтіріледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

«Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдерге және гинекологиялық аурулары бар әйелдерге медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде медициналық көмек көрсететін амбулаториялық қызметтердің бірыңғай блогына біріктіре отырып, «Әйелдер консультациясы» бөлімшелерінің жұмысын қалпына келтіреді.

Бастаманың мақсаты – еліміздегі әйелдер үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру», - делінген хабарламада.

Әйелдер консультацияларының жаңартылған құрылымында:

Бір күндік клиникасы бар ұрықты сақтау орталықтары;

Отбасын жоспарлау орталықтары;

Жүктілікті көтере алмауға арналған кабинеттері;

Мультидисциплинарлық топтың қатысуымен жоғары қауіпті және экстрагениталдық аурулары (ЭГА) бар жүкті әйелдерді басқаруға арналған кабинеттер;

Репродуктолог және балалар гинекологының кабинеттері ашылады.