Елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық 13,9 пайызға төмендеді
Қазақстанда 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 13,9%-ға, таралушылық көрсеткіші 16,1%-ға, балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 6,7%-ға төмендеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР ДСМ Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов айтты.
Жыл басынан бері алдын алу шаралары мен заманауи емдеу әдістерінің нәтижесінде туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 20%-ға төмендеді. 2024 жылдан бастап ҚР-да 0-ден 17 жасқа дейінгі балалардың арасында туберкулезден қайтыс болу жағдайлары тіркелген жоқ.
«Бүгінде елімізде туберкулезге қарсы қызмет жедел диагностика әдістерін белсенді енгізуде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған жаңа туберкулезге қарсы препараттар мен емдеу схемаларын қолдануда. Бұл шаралар елдегі туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты жақсаруына ықпал етеді», - деп атап өтті бейіндік орталықтың басшысы.
Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 43%-ға таралушылық көрсеткіші 52%-ға, балалар сырқаттанушылығының көрсеткіші 50,3%-ға, туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 75,6%-ға төмендеді.
2025 жылға арналған туберкулез бойынша орнықты даму мақсаттарының (ОДМ) аралық индикаторлары - таралушылық пен өлімді төмендету - 2024 жылы мерзімінен бұрын қол жеткізілді.