Елімізде үш жылда 600-ден астам медициналық нысан салынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмалары шеңберінде Үкімет, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика байқалуда. Осы жылдың 1 қазанындағы көрсеткіштерге сәйкес, жалпы өлім-жітім 2,7%-ға, ал сәби өлімі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20,2%-ға төмендеді.
Үш жылда 600-ден астам медициналық нысан салынды
Елімізде медициналық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Ауруханалар, емханалар мен фельдшерлік-акушерлік пунктілер салынып, жаңартылып жатыр. Соңғы үш жылда 633 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, олардың қатарында Астанадағы Ұлттық онкологиялық орталық пен Шұғыл медицина орталығы, сондай-ақ Алматыдағы Инфекциялық аурулар орталығы бар.
Биыл жыл соңына дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында көпбейінді аурухананың, Өскемен қаласында Гематология орталығының және Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласында жедел жәрдем стансасының құрылысын аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында бүгінде 601 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды. Биыл тағы 54 нысан құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 32 аудандық аурухананы көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне дейін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде Ұлттық жоба басталғалы Қарағанды облысының Теміртау және Балқаш қалаларындағы, Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы орталық ауруханалар, Абай облысының Үржар аудандық орталық ауруханасы, сондай-ақ Жамбыл облысындағы Шу, Меркі және Талас аудандық орталық ауруханалары мен Маңғыстау облысындағы Бейнеу аудандық орталық ауруханасы – барлығы сегіз аурухана көпбейінді етіп қайта ұйымдастырылды.
Қаңтар-қазан айлары аралығында денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жоспардағы 241 млрд теңгенің 214,8 млрд теңгесін немесе 89%-ын құрады.
Дәрігер тапшылығы шамамен төрттен біріне азайды
Басым бағыттардың бірі – медициналық кадр дайындау және қолдау. 2025 жылы еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарын 10,5 мың маман тәмамдады, олардың 34%-ы ауылдардағы медициналық ұйымдарға бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары.
Өңірлердегі қажеттіліктерді ескере отырып, биыл 5 мыңнан астам білім гранты бөлінді. 2024 жылдың қазан айынан бері 16 тапшы мамандық бойынша ауылдарда жұмыс істеп жүрген 254 дәрігер 8,5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем алды. 2025 жылы тағы 105 маманға осындай қолдау көрсетілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздегі дәрігер тапшылығы 19%-ға, орта санатты медицина қызметкерлері тапшылығы 13%-ға азайды. Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы 17%-ға төмендеді.
1 қыркүйектен бастап алты негізгі бағыт бойынша (оның ішінде терапия, педиатрия және хирургия) интернатурада, сондай-ақ педиатрия бағытындағы 14 мамандық бойынша резидентурада оқыту басталды.
Дәрігер мамандарын даярлау сапасын арттыру мақсатында жалпы білім беру пәндерінің көлемін қысқарту есебінен базалық пәндерге бөлінетін оқу жүктемесі 10 кредитке ұлғайтылды.
Оқу бағдарламаларының сапасы көтерілді, базалық пәндердің үлесі артты, сондай-ақ мамандарды даярлауға халықаралық стандарттар енгізіліп жатыр.
Атап айтқанда, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды медициналық университеті мен Қазан федералдық университеті арасында алғаш рет екі диплом бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша 70 студент оқуға қабылданды. Сондай-ақ Пәкістан медициналық университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталуда.
Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау қызметкерлеріне қол көтеру оқиғаларына қатысты Қылмыстық кодекске жеке бап енгізу бастамасы көтерілді. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп іс-қимыл жоспары әзірленді: медициналық ұйымдарда 152 полиция бекеті орнатылды. Сондай-ақ мемлекеттік медициналық ұйымдардың 98%-ы және жекеменшік ұйымдардың 76%-ы жалпы сомасы 3,1 млрд теңгеге кәсіби жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасасты.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және фармацевтиканы дамыту
Дәрі-дәрмек бағасын қалыптастырудағы ашықтықты арттыру мақсатында шекті бағаларды есептеу механизмі қайта қаралды. Артық шығындар алынып тасталып, балама дәрілер бағасы түпнұсқа дәрілердің құнының 30%-ына дейін төмендетілді. Тек шығыны жоғары ТОП-20 позиция бойынша ғана күтілетін үнем шамамен 12 млрд теңгені құрайды.
Жалпы алғанда ТМККК және МӘМС шеңберінде шекті бағалардың төмендеуі шамамен – 19%, ал көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде – 30%.
Дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі 100 жұмыс күніне дейін жеделдетілді. Ал реттеушілік беделі жоғары елдер үшін (АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Жапония) бұл мерзім «Бір терезе» қағидаты бойынша 15 күнге дейін азайтылды.
Отандық фармацевтика өндірісі белсенді дамып келеді. 2029 жылға қарай қазақстандық дәрі-дәрмек үлесі 50%-ға жетуі тиіс. Бүгінде 210 өндіруші тіркелген, олардың 43-і дәрілік препараттар шығарады. Былтыр өндіріс көлемі – 21,8%-ға, инвестиция – екі есеге, ал экспорт – 32,9%-ға артты.
Отандық кәсіпорындармен 90 ұзақмерзімді келісімшарт және әлемдік фармацевтикалық компаниялар – Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca-мен үш келісімшарт жасалды. Жалпы құны 400 млрд теңгеге жуық тоғыз инвестициялық жоба қарастырылып жатыр. Фармацевтика нарығының жылдық өсімі 10-13% деңгейінде деп бағалануда.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру: мемлекеттік қызметтердің көптеген түрі автоматтандырылды
Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысы жалғасып жатыр.
Барлық медициналық ұйымда емделушілерді цифрлық сәйкестендіру жүйесі – «Цифрлық құжат» және Face ID жобалары іске қосылды.
Есептеу мен төлемнің ашық әрі әділ жүйесін жасау мақсатында барлық өңірде «Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі» жобасы енгізілді.
Медициналық анықтамаларды электронды форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі – 87,3%-ды құрап отыр.
Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Астана және Алматы қалаларында жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған видео-жетон енгізу бойынша пилоттық жоба басталды.
Барлық медициналық деректі біріктіру мақсатында бірыңғай медициналық деректер қорын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осылайша, елімізде жүйелі түрде сапа мен инновацияға негізделген заманауи, тұрақты медициналық жүйе қалыптасуда. Денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары жалғаса береді.