Денсаулық

Елімізде алғаш рет балаларды лазерлік литотрипсия әдісімен емдеу жүргізілді

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында еліміз бойынша сараптамалық кластың ең жаңа жабдығы Calculase III лазерлік жүйесімен жарақтандырылған алғашқы операциялық бөлме ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, әдістің басты артықшылығы – жарақат алу және ота кезінде де, отадан кейінгі кезеңде де қауіптерді азайту.

Бұрын төменгі несеп шығару жолдарының патологиясы бар балаларға оталар ашық әдіспен, ұзақтығы 2 сағатқа дейін жасалып, 14 күнге дейін емдеуге жатқызылатын еді.

Лазерлік литотрипсияны енгізгеннен кейін отаның ұзақтығы 20 минутқа дейін қысқарды. Отада жұмсақ маскалық наркоз қолданылады, бала ем-шарадан кейін бірден анасына берілуі мүмкін. Ал емдеуге жатқызу мерзімі 7 күнге дейін қысқарған.

Жабдық Жапония Үкіметінің «KUSANONE (Шөп тамыры)» гранттық бағдарламасы шеңберінде орнатылған. Операциялық бөлменің ашылу салтанатына Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ясумаса Иидзима қатысты.

«Инновация операция бөлмесінің көрінісін тез өзгертіп, хирургияның тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Calculase III лазерлік жүйесі алғаш рет Қазақстанның балалар урологиясында балалардағы несеп шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған ауруларын эндоскопиялық диагностикалау және емдеу үшін қолданылады», - деді урология бөлімшесінің меңгерушісі Бақытжан Әбекенов.