Денсаулық

Қан қысымын дәрі-дәрмексіз қалай төмендетуге болады

Бүгінде жоғары қан қысымынан зардап шегетіндер көп. Бұрын гипертония үлкендерде жиі кездессе, қазір жас талғамайтын болды. Осы орайда Республикалық алғашқы медициналық -санитариялық көмек көрсету орталығының Салауатты өмір салтын сақтау дәрігері Гүлмира Иманбаева үй жағдайында қан қысымын қалыпты ұстауға болатынын түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қан қысымының көтерілгенін қалай білеміз?

Егер таңертең басыңыз ауырып, құлағыңыз шыңылдаса; басыңыз айналып, мұрныңыздан қан ақса; жүрек соғысы өзгеріп, көру қабілетіңіз төмендесе, демек қан қысымыңызды өлшеу қажет. 
Жүрек денедегі бар қанды белгілі бір күшпен, артерия жасайтын кедергіге қарсы айдайды. Яғни артерия қысымы – қанның артерия қабырғасына көрсететін қысым.
Қысым өлшегенде екі сан анықталады: систола және диастола қысымы. Мысалы, 120/80. Бірінші сан (120) – жүрек жиырылған кездегі артериядағы қысым. Екінші сан (80) – жүрек босаңсығандағы қысым. 120/80 болса қан қысымы қалыпты деген сөз.
Жоғарылаған қысым – систола кезінде (120-129 mmHg) аса қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Ал қан қысымы қатарынан бірнеше рет өлшегенде 130/80-нен жоғары болса, гипертония деген сөз. Бұндайда дәрігерге қаралу қажет.

Артерия қысымының көтерілуіне не себеп болады?

Оған, ең алдымен, стресс әсер етеді. Бұл - қан қысымының көтерілуіне әкеп соғатын жағдай. Стресс болған жағдайда баяу музыка тыңдау, көңіліңіз қалаған іспен айналысу, таза ауада серуендеу, көңілді бағдарламалар қарау арқылы да қан қысымын түсіруге немесе бір қалыпта ұстауға болады.
Терең тыныс алу жүйке жүйесіне де пайдалы. Ал оның тыныштығы қан қысымын қалыпты ұстауға ықпал етеді.
Күн сайын 7- 8 сағат ұйықтаңыз, бұл да дәрісіз емнің бір түрі.
Сондай-ақ, артық салмақтан арылу арқылы артериялық қан қысымын төмендетуге болады.
Ал тұзды күніне 1,5 г натрийден (3-4 г тұз) артық қолданбаған жөн.
Ішімдікті тоқтатқан кезде  де артериялық қысым төмендей бастайды.

Фото: shutterstock.com

Аурудың алдын алу үшін қандай тағамдар мен дәрумендер тұтынған жөн?
 
Калий, магний және кальцийді тәуліктік қалыпты мөлшерімен қабылдау, қан қысымын қалыпты ұстауға жақсы көмектеседі.
Калийге бай тағамдарға соя бұршағы, консервіленген бұршақ, қызанақ пастасы, саумалдық, үрме бұршақ және жасымық жатады. 
Ағзада магнийдің аз болуы инсультке әкеліп соғуы әбден мүмкін. Магний мөлшері көп тағамдарға кебек, бадам, жаңғақ (фундук), саумалдық және сүт жатады.
Кальцийге сүт және басқа да сүтті тағамдары бай. Қысымды түсіруде тиімділігі дәлелдеген. Ұсынылатын күндізгі қалыпты қальций мөлшері 1000-1200 мг-ды құрайды. Бұл сүтті 250 мл стақанмен 3-4 рет ішу дегенді білдіреді. Йогурт, брокколи және орамжапырақ та кальцийге бай.
Аздап болса да картоп жеу де пайдалы. Себебі картоп калийге бай болуымен бірге, оның құрамында қысымды төмендететін кокоамин деген зат бар.

Бұдан бөлек көпшілік ескере бермейтін пайдалы кеңестер

Таза ауамен тыныстау керек, бұл миға оттегінің баруын қамтамасыз етеді. Қан қысымы көтерілгенде табан жерге тимей тұратындай биік үстел немесе диванға отырып екі аяқты теңестіріп отыру пайдалы. Сондай-ақ аяқты жылы ұстап немесе жылы суға салсаңыз, қанның дененің төменгі бөлігіне таралып, бастағы қысымды азайтады.

Ескерту

Дәрігер өзін-өзі емдеу инсульт, миокард инфарктісі және жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін еске салды. Дәрігердің кеңесінсіз дәрі-дәрмектерді таңдамаңыз немесе  мөлшерін өзіңіз өзгертпеңіз.