Денсаулық

Былтыр травматологиялық қызметтерге 2,5 млн-нан астам адам жүгінген

Қазақстанда травматология және ортопедия қызметі үш деңгейлі өңірлендіру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысовтың айтуынша, бірінші деңгейде 161 медициналық ұйым шұғыл медициналық көмек, бастапқы диагностика және зардап шеккен адамды тұрақтандыруды жүзеге асырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін, жедел ота жасау қажет болған жағдайда, ол екінші деңгейдегі медициналық ұйымға ауыстырылады. Бұл деңгейде зардап шеккендерге операция жасап, ұзақ мерзімді терапия мен оңалтуды жүзеге асыратын 52 медициналық ұйым жұмыс істейді. Ал жоғары технологиялық медициналық көмек қажет болған жағдайда, пациент үшінші деңгейдегі медициналық ұйымға ауыстырылады. Мұндай көмекті елімізде 51 медициналық ұйым көрсетеді.

«Елімізде 4173 травматологиялық төсек-орын, оның 852-сі балаларға арналған. Қалпына келтіру және реабилитациялық емдеуге арналған төсек-орын саны – 2251. Қазақстан Республикасында травматологиялық көмек көрсету үшін көпбейінді ауруханаларда 152 травматология және күйік бөлімшесі, 78 травматологиялық пункт ұйымдастырылған. Тек травмопункттер бойынша 2024 жылы 1 млн 210 мың адам жүгінген. Амбулаториялық емханаларда 262 травматологиялық кабинет ашылған. 2024 жылы тіркелген жалпы келушілер саны – 1 млн 389 мың. Жедел көмек көрсетуге қажетті сыртқы бекіту аппараттарымен жарақтандыру деңгейі 88%», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.