Былтыр елімізде әртүрлі жарақаттармен 240 мың пациент емделді
Бүгінде елімізде 1508 травматолог бар, оның ішінде 174-і ауылдық жерлерде қызмет етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы стационарларда жарақат алған 240 мыңнан астам пациент емделді, ал ауруханаішілік өлім көрсеткіші 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұл медициналық көмектің сапасы артып келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы жалпы жарақаттану көрсеткіші де 2023 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға төмендегені байқалды.
2024 жылы жарақатқа байланысты жедел жәрдем шақыртуларының жалпы саны 741 728-ге жетті. Оның ішінде жол-көлік оқиғаларына байланысты шақыртулар 4,6%-ға өсіп, 47,8 мыңды құрады. Жарақат пен улану жағдайларымен ем алғандардың құрылымында негізгі үлесті қол-аяқ жарақаттары алады (35%), одан кейін – бас және мойын жарақаттары (24%), ал улану мен басқа да жарақаттардың әрқайсысы 10%-ды құрайды.
Денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде ел бойынша травматологиялық төсектердің саны 9,7%-ға арттырылып, арнайы бөлімшелер мен кабинеттердің желісі кеңейтілді. Травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету үшін көпбейінді стационарларда 160 травматология-ортопедия және күйік бөлімшесі жұмыс істейді. Оның ішінде 47-сі балаларға арналған, сондай-ақ, 80 травматологиялық пункт бар. Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда 291 травматологиялық кабинет қызмет көрсетеді.
Оңалту қызметтердің дамуына ерекше назар аударылып отыр. Мұндай қызмет көрсететін орындардың саны 1218-ден 2251-ге дейін өсті. Бұл мүгедектік деңгейін азайтуға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.