Бізде адамдар «донор болу» дегенді түсінбейді - Жақсылық Досқалиев
Елімізде ағза алмастыруға тізімге тіркеліп, оны ұзақ жыл күтіп жүрген жандар көп. Мұндай науқастарға трансплантация өмір сүруге мүмкіндік береді. Бірақ ағза доноры жалғыз емдеу әдісі болғанымен, оған келісетіндердің саны көңіл көншітпейді. Осы мәселеге қатысты Elordainfo.kz тілшісі танымал трансплантолог, хирург Жақсылық Досқалиевпен және елорданың бас имамыТемірлан Ыбыраевпен тілдесіп, мәйіт донорлығы туралы талқылады.
Бүгінде 40 мың қазақстандық электрондық тіркеу арқылы қайтыс болғаннан кейін донор болуға ниет білдірген. Бірақ оның 15 пайызы ғана нақты келіскен. Белгілі трансплантолог Жақсылық Досқалиевтің сөзінше, соңғы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс донор тапшылығын тудырып отыр.
Трансплантологтың сөзінше, қайтыс болған адамдардың барлығы донор бола алмайды. Тірі кезінде созылмалы ауруы болған адамның ағзасы жарамсыз келеді.
Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ағзаға мұқтаж жандар мен мәйіттің медициналық көрсеткіштерін салыстыру автоматты түрде жүргізіледі.
Сұхбат барысында спикер қайтыс болған адамдардың жақындары донорлыққа қарсы болатын себептерді атады. Атап айтқанда, көбі «денесіне пышақ тимесін» деп діни көзқарастарын алға тартады. Одан бөлек мезгілсіз аяқ астынан қайтыс болған адамдардың жақындары келісім бермейді.
Осы тақырыпқа қатысты Астана қаласының бас имамы, Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Темірлан Ыбыраевтың пікірін білдік. Оның сөзінше, трансплантация жасаған кезде ағзасын беруші балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс және ерікті болуы қажет.
Бас имам мәліметінше, қайтыс болған адамның ағзасын алатын кезде оның өлімі нақты дәлелдену керек. Егер ол шарт орындалмай, ағза ауыстырылса, онда ол адам өлтірген күнәмен бірдей өлшенеді.
Демек, ислам діні адам ағзасын өзге адамға көмек ретінде беруді қолдайды. Тек, тиісті шарттарға сай келу керек. Бірақ жақынынан айырылып, жоқтау айтып жатқандарды мәйіттік донор болуға көндіру оңай емес. Тіпті, күнделікті өмірде кез келген адам өз ағзасын беруге батылы бара бермейді. Сондықтан да қоғамда ағза мүшесінің донорлығына оң көзқарас қалыптастыру – денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселенің бірі болып қала бермек.
-->Бүгінде 40 мың қазақстандық электрондық тіркеу арқылы қайтыс болғаннан кейін донор болуға ниет білдірген. Бірақ оның 15 пайызы ғана нақты келіскен. Белгілі трансплантолог Жақсылық Досқалиевтің сөзінше, соңғы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс донор тапшылығын тудырып отыр.
«Елімізде 2009 жылы мәйіт донорлығына ресми түрде рұқсат етіліп, «келісім презумпциясы» бекітілді. Яғни адам тірі кезінде донор болуға келісім беретінін немесе қарсы екенін рәсімдеу қажет болды. Бұл Кодекс бойынша дәрігерлер адам қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын транспланттау мақсатында алатын. Бұл халықаралық тәжірибеде де бар. Ал қазір жағдай қалай? 2020 жылы заңға жаңа өзгерістер енгізілді. Онда егер адам өзінің тірі кезінде донор болуға келісім бермесе, онда қайтыс болған соң рұқсатты туыстары мен жақындарынан сұрау керек деп жазылған. Әдетте туыстары бірден «жоқ» дейді. Осы заңды қабылдағаннан кейін елімізде жылына 1 көп болса 3 адамның жақындары келісім берді. Ал бізде ағзасын ауыстыруға болады деген 4 мыңға жуық адам бар. Мұқтаж жандардың ішінде 70 пайызы бүйрекке зәуір. Негізінде бір мәйіт 5 адамның өмірін құтқарады. Егер қайтыс болған адамның ағзаларына зақым келмесе, онда оның жүрегі, өкпесі, бүйрегі, бауыры тіпті көзінің мөлдір қабығы алынады. Заң бойынша, көп елдерде дәрігерлер рұқсатсыз жарамды ағзаны ала береді»,- дейді Жақсылық Досқалиев.
Трансплантологтың сөзінше, қайтыс болған адамдардың барлығы донор бола алмайды. Тірі кезінде созылмалы ауруы болған адамның ағзасы жарамсыз келеді.
«Әрине, тірі адам да донор бола алады. Бірақ ол кезде екі адам ағзасына да қауіп төнеді. Өйткені донор болған адам уақыт өте келе өзі де ағзаға мұқтаж болуы мүмкін. Сондықтан мәйіт донорлығы тиімді келеді. Қайтыс болған адам нақты донор болады деп айта алмаймыз. Мәселен, орта есеппен 100 қайтыс болса, оның тек 30 ғана донор бола алады. Қазір жол апаты кезінде немесе басқа да жағдайға тап болып, мезгілсіз қайтыс болып жатқандар көп. Мұндайда ағзасына зақым келіп немесе созылмалы ауруы болуы мүмкін. Ал жақыны қайтыс болып, шаңырағында қайғы болып жатқанда ешкім донорлыққа келісім бере бермейді»,- дейді ол.
Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ағзаға мұқтаж жандар мен мәйіттің медициналық көрсеткіштерін салыстыру автоматты түрде жүргізіледі.
«Адамды мәйіт деп миы өлген кезде айтады. Ал ағзалардың жұмыс істеу қалпын уақытша сақтауға болады. Егер донор болуға жарамды болса автоматты түрде медициналық көрсеткіштері салыстырылады. Мәселен жүрекке 2 сағат ішінде, бауыр мен бүйрекке 12 сағат ішінде трансплантация жасау керек. Мысалы, қайтыс болған адам ағзасы 10 адамға жарауы мүмкін. Мұндайда донор орналасқан қалаға жақын адам шақырылып, ота жасалады. Ота неғұрлым тез әрі сәтті жасалса, ағзаның жұмыс істеу функциясы жақсырақ болады»,- дейді трансплантолог.
Сұхбат барысында спикер қайтыс болған адамдардың жақындары донорлыққа қарсы болатын себептерді атады. Атап айтқанда, көбі «денесіне пышақ тимесін» деп діни көзқарастарын алға тартады. Одан бөлек мезгілсіз аяқ астынан қайтыс болған адамдардың жақындары келісім бермейді.
«Адам қайтыс болған соң оны жерлейді, есесіне ағзасы ештеңеге жарамай қалады. Одан да мұқтаж жандарға көмектескен дұрыс деп есептеймін. Ел тұрғындарының көбі келісім бермей, «денесіне пышақ тимеу керек» деп діни көзқарасын білдіреді. Дінтанушылармен бұл тақырыпты талқылаған кезде олар ешқандай қарсылық жоқ екенін айтқан болатын. Одан бөлек жақындары «Ол тірі кезінде донор болуға келісім берген жоқ, сондықтан да біз мұндай күнә арқалай алмаймыз» деп жатады. Жалпы бізде адамдар «донор болу» дегенді түсіне бермейді. Өңірлік бөлініске келетін болсақ, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облысының тұрғындары донорлыққа қарсы болады. Бірақ ағзаға мұқтаж жандардың көбі осы аймақтарда көп. Егер де заң нормасына өзгеріс енгізілсе, ағзаға мұқтаж жандар тізімі азаяр еді,- дейді Жақсылық Досқалиев.
Осы тақырыпқа қатысты Астана қаласының бас имамы, Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Темірлан Ыбыраевтың пікірін білдік. Оның сөзінше, трансплантация жасаған кезде ағзасын беруші балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс және ерікті болуы қажет.
«Тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға ауыстыру шарттары бар. Шариғат бойынша медицина мамандарының шешімімен науқас адамды ауруынан айықтырудың жалғыз жолы трансплантация болған жағдайда рұқсат етіледі. Атап айтқанда, ағзасын беруші балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, ерікті болуы керек. Ота сәтті өтетініне толықтай көз жеткізу қажет. Донордың ағзасын алу отасы оған ешқандай зиян келтірмейтініне немесе оның ертеңгі өмір тіршілігіне кері әсерін тигізбейтіндігіне медицина мамандарының нақты тұжырымдары болуы тиіс. Өйткені, науқастың мүддесі ағзасын беруші адамның мүддесінен жоғары тұрмайды. Бұл амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс. Ең кемі үш медицина маманынан құрылған әділ, сенімді әрі осы ота жасау арқылы пайда табуды көздемейтін комиссия ота жасалмастан бұрын жазбаша түрде нақты шешім шығарып, оны донор мен науқасқа беруі шарт. Сонымен қатар ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт»,- дейді Темірлан Ыбыраев.
Бас имам мәліметінше, қайтыс болған адамның ағзасын алатын кезде оның өлімі нақты дәлелдену керек. Егер ол шарт орындалмай, ағза ауыстырылса, онда ол адам өлтірген күнәмен бірдей өлшенеді.
«Өлінің ағза мүшелерін тірі адамға көшіру шарттары бар. Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене-мүшелерін қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болу керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады. Сонымен қатар ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені, трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармау керек. Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Қорыта келгенде, жоғарыда аталған қағидалар сақталған жағдайда Алланың ең көркем жаратылысы адам баласына өмір сыйлауға себепкер болудың мәртебесі жоғары деп айтуға болады»,- дейді имам.