Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын тексеріп жатыр: министр түсініктеме берді
Бүгін Үкіметте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс депутаты Бақытбек Базарбектің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысының тексерілуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазіргі таңда Бас прокуратура 20 өңірдің өкілдерімен бірлесіп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде нақты қорытынды айтуға ерте. Себебі қолымызда нақты ақпарат жоқ. Депутаттармен жалпы Парламентпен бірлесіп ауқымды жұмыс атқардық. Президенттің биыл 14 шілдеде қол қойған заң шеңберінде қордың ашықтығы бойынша бірқатар өзгерістер енгізілді», - деді министр.
Сонымен қоса, осыған қатысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов те мәлімет берді.
«2 мамырдан бастап Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізіп жатыр. Оның құрамына 46-дан астам сарапшы кіреді. Ол қордың барлық өңірдегі филилалдарында жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс уақытша бес рет тоқтатылды, алайда бүгінде тексеру аяқталуға жақындап қалды. Менің ойымша, Бас прокуратура осы айдың соңына дейін қорытындысын жария етеді. Осы уақыт аралығында біз тексеру органдарының өкілдеріне кем дегенде 70 сұрауға жауап бердік. Қызметкерлеріміз күн сайын барлық сауалға уақытында жауап берді. Тексеру аяқталған соң нәтижелерімен таныстырып, көпшілікке жариялаймыз», - деді төраға.