Денсаулық

Бүгін – халықаралық акушерлер күні

5 мамыр – халықаралық акушерлер күні, деп хабарлады Elordainfo.kz

Халықаралық акушерлер күнін белгілеу туралы идея 1987 жылы ұсынылып, 1992 жылы ресми түрде мойындалды.

Қазіргі таңда елімізде 9 мыңнан астам акушер еңбек етеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың 64%-ы қалада, 36%-ы ауылда жұмыс істейді.

«Бүгін біз жаңа өмірдің бастауында тұратын жандарды – акушерлерді құттықтаймыз! Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 370 мыңға жуық босану қабылданады және әрбір осы кереметтің артында акушерлердің еңбегі, қамқорлығы мен біліктілігі жатыр. Олар болашақ аналарды перзентханаға түскен сәттен бастап шығарылғанға дейін қамқорлық жасап, тек медициналық емес, моралдық қолдау да көрсетеді. Бұл – әйелдер мен олардың сәбилері үшін ең толқынысты әрі маңызды сәттерде жанында болатын нағыз қаһармандар», - деді министрлік.

Қазақстандағы босандыру жүйесі туралы деректер:

• Елімізде 240 босандыру ұйымы, оның ішінде 58 перзентхана және 37 перинаталдық орталық жұмыс істейді.

• Амбулаториялық көмекті 810 әйелдер консультациясы, 1 282 дәрігерлік амбулатория және 790 фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетеді.

• Перзентханаларда 3 740 акушер, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде 3 675 акушер қызмет етеді.

• 600-ден астам акушер шалғай жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттерде қызмет көрсетіп отыр.