Денсаулық

Қазақстан ана өлімін тез төмендеткен он елдің қатарына кірді

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Орнықты даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Орнықты даму мақсаттары жөніндегі (ОДМ) үшінші ерікті ұлттық шолудың тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О' Малли ұсынылған құжаттың жай ғана есеп еместігін, Қазақстанның БҰҰ-ның 2030 күн тәртібіне шынайы берілгендігінің көрінісі мен барлық әлемге еліміздің ілгерілеуі, сабақтары мен амбициялары туралы айту мүмкіндігі екенін атап өтті.

«Қазақстан – шолуды үш жылда бір рет өткізетін санаулы елдердің бірі. Бұл ОДМ бойынша прогресс мониторингіндегі, ашықтықты ілгерілетудегі нағыз көшбасшылығын айқын көрсетеді. Жақында Алматыда ашылған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы Қазақстанның ОДМ-ны елде де, аймақта да іске асыруға бейілділігін көрсетеді. БҰҰ тұрғысынан мұндай шолуларды жүргізу шынайы әріптестік пен іс-қимылға шақыру ретінде бағаланады. БҰҰ Қазақстан үкіметін толығымен қолдайды», — деп атап өтті Стивен О' Малли. 

Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев үшінші құжатта ОДМ-ны жергілікті жерге бейімдеуге, яғни жаһандық мақсаттарды аймақтар мен жергілікті қоғамдастықтар деңгейіне көшіру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын айтты. Сондай-ақ Шолу 2025-тің басты ерекшелігі – азаматтық қоғамның, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың жұмысына белсенді қатысу.

«Екінші ерікті ұлттық шолу ұсынылған сәттен бастап ОДМ-ны іске асырудың институционалдық негіздерін жетілдіруде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: 2023 жылы Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерін іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. 2060 жылға дейін елдің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Орнықты даму мақсаттарының тиімді мониторингін қамтамасыз ету үшін ОДМ ұлттық индикаторлары өзектендіріліп, жалпы саны бүгінде 200-ге жеткізілді», —  деді Асан Дарбаев.

Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Әсел Сәрсенбаеваның айтуынша, ОДМ «Ешкімді артта қалдырмау» қағидатына сәйкес дайындалған Үкімет тарапынан да, азаматтық қоғам тарапынан да іске асырылуды бағалауды көрсетеді. Ол жұртшылық пікірін ескере отырып айқындалған басым мақсаттардың орындалуы туралы ақпарат ұсынды.

«Үкімет Орнықты даму мақсаты бойынша және жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде еңбек нарығының талабына сәйкес бизнесті қолдау мен кадр даярлау шарасын жүйелі түрде қабылдауда», — деп атап өтті Әсел Сәрсенбаева.

Ол, азаматтық қоғам әлеуметтік кодекс әлеуметтік саясаттың негізін нығайтты деп санайды. Қазақстан ана өлімін тез төмендеткен (ДДҰ бағалауы бойынша) он елдің қатарына кіреді. Гендерлік теңдік саласында мемлекет деңгейінде де, жеке секторда да ілгерілеу байқалады. Онда ірі компаниялар гендерлік стратегиялар мен харассментке қарсы іс-қимыл саясатын енгізеді. Құқықтық мәдениеттің өсуі сот жүйесіне қойылатын жаңа талаптарға әкелуде. Қоғам оны одан әрі жақсартуды күтетіні орынды.

Үйлестіру кеңесін қорытындылай келе, Серік Жұманғарин Орнықты даму мақсаттарының қағидаттарын енгізу бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, үздік халықаралық стандарттарды қабылдауға бағытталғанын, бұл тұтастай алғанда елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Кеңес қатысушылары Қазақстанның үшінші ерікті ұлттық шолуын мақұлдады. Енді құжат осы шілдеде Нью-Йорктегі жоғары деңгейдегі Саяси форумда ұсынылады.