«Авторлық» емдеу науқастарға зиянын тигізуі мүмкін – дәрігер
Молекулалық медицина мен жасушалық биология саласының зерттеушісі, отбасылық дәрігер Аслан Темірханов қазір көптеген «авторлық» емдеу тәсілдері шығып жатқанын, мұндай емдер науқастарға зиян тигізуі мүмкін екенін айтты. Ол бұл туралы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Медицина – бұл ғылым. Сондықтан медицинада тек дәлелді әдістерді қолдану маңызды. Мәселен, қазір көптеген «авторлық» емдеу тәсілдері шығып жатыр. Бірақ олардың көпшілігі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Мұндай емдер науқастарға зиян тигізуі мүмкін», - деді ол.
Дәрігер медицинаның зерттелген әдістері ғана тиімді екенін айтады.
«Медицинаның расталған әдістері ғана тиімді. Мысалы, дене қызуы көтерілген кезде көпшілік парацетамол қолданады. Бір таблеткада 500 мг мөлшерінің болуы, оны күніне 3-4 рет қабылдау, әр қабылдаудың арасындағы аралықтың 4-5 сағаттан кем болмауы, осының барлығы ғылыми зерттеулер нәтижесінде анықталған. Бұл зерттеулер болмаса, дәрінің тиімділігі мен қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкін емес», - деді Аслан Темірханов.
Словения, Польша, Нидерланд және Норвегия елдеріндегі клиникалық орталықтарда біліктілігін арттырған дәрігер дәлелді медицина пациентке ең қауіпсіз және тиімді ем ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Дәрігер екі түрлі емдеу тәсілін қолданады. Бірінші мысалда ол өз тәжірибесіне ғана сүйеніп, ем тағайындайды. Тек бірнеше науқаста жақсы нәтиже көрсеткен тәсілді барлығына бірдей қолдануы мүмкін. Бірақ мұндай емдеу әдісінің қосымша әсерлерін, зиянды жақтарын білмейді. Ал екінші мысалда дәрігер мыңдаған науқасқа жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне сүйенеді. Мұндай жағдайда дәрінің дәл мөлшері, қолдану тәртібі және ықтимал қауіптері алдын ала анықталады. Дәлелді медицина ұстанымын қолданатын дәрігер өзінің кәсібилігін көрсетіп, науқасқа барынша зиян тигізбеуге тырысады», - деді ол.
Аслан Темірхановтың айтуынша, адамдар дәрігердің тағайындаған емін ойланбастан қабылдайды, ал кейде керісінше дәрігерге сенбей, басқа тәсілдерді қолданады.
«Өкінішке қарай, халықтың медициналық сауаты төмен. Олар дәрігерге: «Бұл дәріні не үшін бердіңіз? Оны қалай қабылдау керек?» деген сұрақтарды сирек қояды. Дәрігердің түсіндірмесін толық сұрастыру – әр науқастың құқығы», - дейді маман.
Оның пікірінше, науқастар емдеу әдісін түсінуі және тағайындалған емді қатаң сақтауы қажет. Алайда күмән туған жағдайда екінші дәрігердің пікірін сұрау да орынды.
«Науқастардың өз емін түсініп, жауапкершілік алуы емнің тиімділігін арттырады. Дәрігердің тағайындаған еміне күмәнданса, екінші дәрігерден сұрауға болады», - дейді ол.
Оның айтуынша, жас мамандардың арасында ғылыми дәлелдерге сүйенуге ұмтылатындар көбейіп келеді. Олар бірнеше шет тілді меңгеріп, халықаралық зерттеулерге қатысып, білімдерін жетілдіріп жатыр. Дегенмен дәлелді медицинаның дамуына кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес деп отыр.
«Дәрігерлердің жұмыс жағдайын жақсарту, медициналық білім беру жүйесіне өзгерістер енгізу қажет. Сонымен қатар мектептен бастап халықтың медициналық сауаттылығын арттыру маңызды», - дейді дәрігер.
Аслан Темірханов медицинаның болашағын жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялармен байланыстырады. Ол жасанды интеллекттің кейбір салаларда дәрігерлердің шешімдеріне тең келетін нәтижелер көрсете бастағанын атап өтті.
«Дегенмен жасанды интеллект дәрігерлерді толық алмастыра алмайды. Оның медицинада тиімді әрі қауіпсіз қолданылуы үшін мамандарды арнайы оқыту қажет», - дейді маман.
Арайлым СЕРҚАНОВА,
Мақсұт Нәрікбаев университеті
"Журналистика: аналитика және зерттеу" факультетінің 4-курс студенті