Астанадағы №1 қалалық емхана күрделі жөндеуден өтті
2025 жылдың 5 қаңтар күні күрделі жөндеуден кейін №1 қалалық емхана өз есігін қайта ашады. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Соңғы бірнеше жыл бойы бұл емханаға тіркелген елорда тұрғындары, әсіресе, егде жастағы адамдар, басқа медициналық мекемелерден қызмет алуға мәжбүр болған еді. Аталған емхананың жөндеу жұмыстары елорданың денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі алдағы үш жылға арналған Кешенді жоспарға енгізілген. Бұл бағдарлама Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты тарапынан әзірленіп, бекітілген.
«Жөндеу жұмыстары барысында лифт жабдықтары жаңартылды, кабинеттер мен инженерлік желілер қалпына келтірілді. Сонымен қатар арнайы жиһаздар мен заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Қазіргі уақытта мекеме штаты 100% жасақталған. Жұмыс барысын тексеру кезінде кейбір кемшіліктерді анықтап, оларды қысқа мерзім ішінде жою бойынша нақты тапсырмалар бердім», - деп жазды Ерлан Каналимов.