Апаттан зардап шеккен адамды медициналық ұйымға дейін тасымалдаудың орташа уақыты 35 минутты құрады
Бүгінде жедел жәрдем шақырылған сәттен бастап дәрігерлер келгенге дейін қалада орта есеппен 8 минут, ауылдық жерлерде 9 минут өтеді. Ал ЖКО орнына келу жылдамдығы бойынша медициналық бригадалар дамыған елдер деңгейінде нәтижелер көрсетуде. Бұл жөнінде ОКҚ алаңында өткен брифингте академик Н.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысов баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстанда есепті жылы «алтын сағат» шеңберінде ЖКО-дан зардап шеккен адамды медициналық ұйымға жеткізудің орташа уақыты 35 минутты құрайды. Медициналық авиация желісі бойынша 536 ұшу орындалды, онда жарақат алған 747 адамға көмек көрсетілді. Облыс орталықтарына 527 ауыр науқас тасымалданды. Шақырылған жерде 46 операция орындалды. Заманауи технологиялардың арқасында ҰҒТОО мамандарымен қашықтан және жеке 183 телемедициналық консультация өткізілді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.