Денсаулық

Қант диабеті: Аурудың пайда болуының алғашқы белгілері қандай

Қант диабеті – қауіпті дерттердің бірі. Ежелден «Сусамыр» деп аталып кеткен дерттің салдарынан көптеген адам өмірімен қоштасады. Оның пайда болуы, қаупі, дұрыс диета ұстау, сонымен қоса, тамақтану тәртібі сияқты тақырыптар бойынша Астана қаласы №3 емхананың эндокринолог дәрігері Шаттық Кариммен әңгімелескен болатынбыз.

Қант диабеті – созылмалы аурулардың бірі. Ол инсулин синтезі мен қандағы қант мөлшерінің шамадан тыс жоғарылауынан туындайды. Мамандардың айтуынша, инсулин адам ағзасындағы глюкозаның бір қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз етеді және қант мөлшерін ретке келтіреді.

«Инсулин – қан құрамындағы қантты энергияға айналдыруға жауапты гормон. Осыған байланысты қандағы қант деңгейі жоғарылайды, бұл ұзақ мерзімді перспективада қан тамырларын, ағзаларды және тіндерді зақымдауы мүмкін. Бұл ауру тұқым қуалайтынын естен шығармаған жөн. Дегенмен адамның күнделікті  өмір салты маңызды рөл ойнайды. Мәселен, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, физикалық белсенділіктің төмендеуі де әсер етеді», - деді Шаттық Есетқызы.

Эндрокринолог маман қант диабетінің алғашқы белгілеріне тоқталып өтті.

«Диабеттің алғашқы белгілеріне шөлдеу, жиі зәр шығару, салмақтың төмендеуі және әлсіздік жатады. Егер сізде болмаса отбасында  осындай және осыған ұқсас симптомдар анықталған уақытта бірден дәрігерге қаралған жөн. Ауру ертерек анықталса асқынулар болдырмайды. Уақытында диагностика жасау денсаулығыңызды сақтап қалуға көмектеседі», - деді маман.

Әңгіме барысында дәрігерден қант деңгейін тексеру неге маңызды екенін сұрап білген едік.

«Қандағы қант деңгейін бақылау диабеттің асқынуларын – жүрек, бүйрек және жүйке жүйесінің ауруларын болдырмауға көмектеседі. Қант деңгейін тұрақты тексеру емдеуді уақтылы реттеуге және кері салдардан сақтануға мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның пікірінше, артық салмақ осы дертке шалдығу қаупін арттырады. Сондай-ақ спортпен тұрақты түрде шұғылданбау, әрдайым стресстік күйде болу және т.б. аурудың пайда болуына әсерін тигізеді.

Қaнт диaбeтімeн aуырaтын aдaм тaмaқтaнудың нeгізгі eрeжeлeрін қaтaң ұcтaнуы қaжeт.

«Диабетке шалдыққандар қалай тамақтануы керек дегенге келсек, мынаны есте ұстаған жөн.  Диабет кезінде тез сіңетін көмірсуларды – тәттілер, газдалған сусындар және нан өнімдерінен бас тартқан дұрыс. Көкөністерге, ақуыздарға және күрделі көмірсуларға басымдық беру ұсынылады. Диетаны сақтау қандағы қанттың күрт көтерілуінен сақтайды», - деді эндрокринолог.

Дәрігерлер бұл ауру әсіресе асқынуымен өте қауіпті екенін айтады.

«Диета сақтамау ауыр асқынуларға – қан тамырларының, бүйректің және жүректің зақымдануына, сондай-ақ диабеттік комаға әкелуі мүмкін. Диабетті емдеу тек дәрі қабылдаумен шектелмейді, сондай-ақ дұрыс тамақтану мен тұрақты физикалық белсенділікті бақылау қажет. Қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне кіреді, сондықтан медициналық көмек сақтандырылу мәртебесіне қарамастан тегін көрсетіледі. Бірақ маңызды жайттар бар: Егер пациент диабет диагнозымен диспансерлік есепте тұрса, бірақ сақтандырылмаған болса, медициналық көмек тек негізгі ауруына байланысты көрсетіледі. Басқа ауруларды емдеу үшін сақтандыру қажет. Егер пациент есепте тұрмаса және сақтандырылмаған болса, диагнозды нақтылау үшін қажетті тексерулер МӘМС арқылы жүргізілмейді. Бұл жағдайда оны диспансерлік есепке алып, емдеуді бастау мүмкін болмайды», - деді Шаттық Есетқызы.

Сөз соңында маман пайдалы кеңестерімен бөлісті.

«Тамақты уақтылы ішу: Диабетпен ауыратындарға тамақтану режимін сақтау маңызды, бұл қандағы қант деңгейін тұрақты деңгейде ұстауға көмектеседі. Физикалық белсенділік: Орташа жүктеме инсулинді жақсы сіңіруге және қандағы қант деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Салмақты бақылау: Артық салмақ диабеттің жағдайын нашарлатуы мүмкін, сондықтан дене салмағын бақылауда ұстау маңызды», - деп сөзін түйіндеді дәрігер.