Денсаулық

Анемия ауыл әйелдері арасында жиі анықталады – елордалық дәрігер

Елімізде жүкті әйелдердің 40 пайызға жуығы анемиямен ауырады. Қаназдық көбінесе ауылдық жерлердегі әйелдердің арасында кең таралған. Анемия әйелдер мен балалардың арасында жиі кездеседі деген пікір шындыққа жанаса ма? Бұл қауіпті дерт пе? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына University Medical Center корпоративтік қорының онколог-гематологы Айгүл Қалиева жауап берді.

- Айгүл Жәнібекқызы, ең алдымен анемияның негізгі белгілері мен себептеріне тоқталып өтсеңіз.

- Анемия – қан құрамындағы эритроциттердің, гемоглобиннің азаюы салдарынан оттегінің ағзадағы тіндерге жеткіліксіз болуынан пайда болатын ауру түрі. Анемияның негізгі белгілерін адам бойындағы шаршағыштық, әлсіздік, терінің бозаруы, бас айналуы, есінен тану, жүрек қағысының жиілеуі, ұйқының қанбауы, тыныс алудың қиындауы, ентігу, салқынға төзімсіздіктен байқауға болады.

Қаназдықтың алғашқы себептеріне жарақат алу немесе хирургиялық ота мен созылмалы қан кетуді жатқызамыз. Сонымен қатар темір, В12 дәрумені, фолий қышқылының жетіспеушілігі мен қан жасушаларының бұзылуы да анемияға әкеледі.

Оның айрықша белгілері де бар. Атап айтқанда, тырнақтардың сынғыштығы, шаштың түсуі, ауыздың айналасындағы жарықтар, «қасық тәрізді» жалпайған тырнақтар, терінің сарғаюы, бауыр мен көкбауырдың үлкеюі, зәрдің күңгірттенуі мен неврологиялық белгілерді байқаймыз.

 - Анемия қауіпті дерт санала ма?

- Иә, анемия – денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретін маңызды медициналық проблема. Анемия жеңіл жағдайдан бастап өмірге қауіп төндіретін ауыр формаларға дейін әртүрлі дәрежеде көрінуі мүмкін. Оның қауіптілігі оттегінің ағза тіндеріне жеткіліксіз тасымалдануынан туындайтын асқынуларға байланысты. Атап айтқанда, анемия жүрекке шамадан тыс салмақ түсіріп, жүрек жеткіліксіздігі немесе жүрек ишемиясы сияқты қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Энергия жетіспеушілігі адамның күнделікті өмірін шектеп, еңбек қабілеттілігін төмендетеді. Сондай-ақ ол иммундық жүйені әлсіретіп, жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін арттырады. Жүкті әйелдерде анемия бала денсаулығына кері әсерін тигізіп, босану кезінде асқынулар туындатуы мүмкін. Балаларда физикалық және когнитивтік дамудың баяулауына әкелуі ықтимал. 

- Қаназдыққа кімдер жиі шалдығады?

- Анемияның даму қаупі әртүрлі топтарда жоғары. Олардың өзіндік ерекшелігі мен себебі бар. Мәселен жүкті әйелдерде темірге деген қажеттілік артады, себебі ол ұрықтың дамуы және қан көлемінің ұлғаюы үшін қажет.

Балалардың өсуі кезінде де темірге деген қажеттілік жоғары. Егер тамақтану дұрыс болмаса, анемия асқына береді.  Жасөспірім кезеңіндегі қарқынды өсу де анемияға бейім етеді. Қыздарда етеккірдің басталуы да бұл қауіпті күшейтеді. 

Егде жастағы адамдарда темір мен В12 дәруменін сіңіру қиын болып, ас қорыту жүйесінің бұзылыстары пайда болады. Тамақтану сапасының төмендігі мен медициналық көмекке қолжетімділіктің болмауы анемия қаупін арттырады. 

- Адамдар анемияның қаупін әлі де түсінбей жүр ме?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде әрбір үшінші адам анемиядан зардап шегеді. Қазақстанда да бұл - өзекті мәселе. Статистикалық деректерге сәйкес, әсіресе әйелдер мен балалар арасында анемияның темір тапшылығы формасы кең таралған. Көбі қаназдықтың алғашқы белгілерін байқамайды немесе оны шаршау, стреспен байланыстырады. Бұл проблема халықтың дұрыс тамақтанбауы, диагностиканың жеткіліксіздігі және емдеуге деген қолжетімділіктің төмендігінен туындауы мүмкін.  Жалпы алғанда, бұл мәселені халық жеткілікті деңгейде түсініп отырған жоқ. Көптеген адамдар анемияны жеңіл дерт ретінде қабылдайды және емдеу қажеттігін ескермейді. Халық арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру, дұрыс тамақтануды насихаттау және профилактикалық тексерістердің маңыздылығын түсіндіру қажет. 

- Өз сөзіңізде әйелдер мен балалар арасында жиі кездеседі дедіңіз. Елімізде жүкті әйелдердің қанша пайызы қаназдыққа шалдығады?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, елімізде темір тапшылығы анемиясының деңгейі әлемдік көрсеткіштерге жақын. Бірақ кейбір аймақтарда ол жоғары болуы мүмкін. Елімізде жүкті әйелдердің 40 пайызға жуығы анемиямен ауырады. Анемия көбінесе ауылдық жерлердегі әйелдердің арасында көп кездеседі. Балалардың 30 пайызға жуығында темір тапшылығы анықталады. Бұл олардың физикалық және психикалық дамуына кері әсер етеді. 

- Гематология тұрғысынан жүктілікке қалай дайындалу керек?

- Жүктілік – әйелдің ағзасына үлкен жүктеме түсіретін ерекше кезең. Болашақ ана жүктілікке дайындық кезінде жалпы денсаулығына, соның ішінде қан жүйесіне ерекше назар аударуы қажет. Гематологиялық тұрғыдан жүктілікке дайындалу бірнеше негізгі қадамнан тұрады. Ең алдымен медициналық тексеруден өту қажет. Егер анемия анықталса, оны бірден емдеуге кіріскен абзал. Себебі ол – жүктілік кезінде ең жиі кездесетін мәселелердің бірі. Темір тапшылығы болған жағдайда дәрігердің тағайындауымен арнайы препараттар қабылдау керек. Ағзаға қажетті дәрумендер қабылдап, темірге, В12-ге, фолий қышқылына бай тағамдарды тұтыну қажет. Егер әйелдің немесе оның жұбайының отбасында қан аурулары болса, генетикалық кеңес алу маңызды. Тіпті жүктілікке дейін жалпы денсаулықты жақсартуға тырысу қажет. Болашақ аналар алдын ала дәрігерге қаралып, қан тапсырып, қажетті шараларды қабылдауы маңызды.

- Айгүл ханым, анемиясы бар анадан туған баланың денсаулығында болашақта қандай мәселелер туындауы мүмкін?

- Қаназдық баланың физикалық және когнитивтік дамуынан бастап, жалпы денсаулығына ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Мәселен, баланың өсу қарқыны баяулап, бұл оның құрдастарынан физикалық тұрғыдан артта қалуына әкеледі.  Темір тапшылығы иммундық жүйенің жұмысына әсер етіп, баланы инфекцияларға жиі ұшыратады. Сонымен қатар мидың дамуына тікелей әсер етеді. Демек баланың зейін қоюы, оқу қабілеті, есте сақтау және ойлау қабілеті нашар болуы мүмкін. Сөйлеуді үйрену мен тіл меңгеру қарқыны баяулауы ықтимал. Ана ағзасындағы темір қорының төмен деңгейі жаңа туған нәрестеде анемияның пайда болуына әкелуі мүмкін, бұл жүрек-қан тамыр жүйесіне қосымша жүктеме түсіреді. Анемиясы бар әйелдің иммундық жүйесі әлсірейді, бұл инфекциялық ауруларға шалдығу қаупін арттырады. Тіпті лактация процесіне әсер етуі мүмкін, өйткені оттегі мен қоректік заттардың жеткіліксіздігі сүттің шығуын азайтады.  

- Анемияны анықтау үшін тек гемоглобин деңгейіне сүйену жеткілікті ме?

- Анемияны анықтау үшін негізгі зертханалық зерттеулер мен көрсеткіштерге назар аудару қажет. Тек гемоглобин деңгейіне сүйену жеткіліксіз, себебі анемияның бірнеше түрі бар және олардың әрқайсысы қосымша көрсеткіштерді зерттеуді талап етеді.  Қанның жалпы талдауында эритроциттердің саны анықталады. Анемия болған жағдайда эритроциттердің саны төмендейді.  Егер гемоглобин нормада, ал ферритин төмен болса, бұл латентті, яғни жасырын темір тапшылығы деп аталады. Бұл анемияның клиникалық белгілерінсіз бастапқы кезеңі болуы ықтимал. Мұндай жағдайда темір қоры сарқылып, бірақ гемоглобин деңгейі әлі төмендеген жоқ. Ал гемоглобин де, ферритин де төмен болса, бұл нақты темір тапшылығының көрінісі болып саналады.

Қаназдықты дәл анықтау үшін қосымша зерттеулер жасауға болады. Себебі анемияның зертханалық диагностикасында гемоглобиннен басқа, ферритин, темір, трансферрин және басқа көрсеткіштердің деңгейін ескеру өте маңызды.

- Адам ағзасындағы гемоглобин мен ферритиннің нормасы қандай?

- Гемоглобин деңгейі ерлерде – 130-170 г/л, әйелдерде – 120-150 г/л, нәрестелерде – 149-237 г/л, 1-6 жастағы балаларда – 115-135 г/л, 6-12 жастағы балаларда 115-155 г/л, 12-18 жастағы балаларда – 120-160 г/л.

Адам ағзасындағы гемоглобин мен ферритиннің нормалары жасы мен жынысына байланысты. Әртүрлі халықаралық гайдлайндарға сәйкес ферритин нормасы ерекшеленеді. Ұлттық клиникалық хаттамада ферритиннің бекітілген төменгі нормасы 30 нг/мл, ал американдық гематологтар қауымдастығының мәліметтері бойынша 50 нг/мл болып саналады. Гемоглобин мен ферритин деңгейлері зертханалық стандарттарға байланысты сәл өзгеше болуы мүмкін.

- Қаназдықты қалай емдеуге болады?

- Анемияны емдеу науқастың жағдайына, анемияның түріне, себебіне және ауырлығына байланысты. Темір тапшылығы анемиясын емдеу, әдетте, темірді қабылдауды қамтиды, бірақ бұл емдеудің түрі бірқатар факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Темір тапшылығы анемиясын емдеу үшін препараттарды қабылдау науқастың ағзасындағы темір қорын толтыруға көмектеседі. Темір препараттарын қабылдау әдетте 3-6 айға созылады, себебі темірдің ағзада жинақталуы үшін уақыт қажет. Сонымен қатар темірмен байытылған азық-түлік өнімдерін тұтынған жөн. Жүкті әйелдер мен балаларға темір препараттарын профилактикалық түрде қабылдау маңызды. Емдеу ұзақтығы анемияның ауырлығына және темір деңгейіне байланысты.

- Сұхбатыңызға рақмет!