АИТВ жұқтырған адамдарда туберкулездің даму қаупі ерекше – астаналық дәрігер
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша АҚТҚ-инфекциясынан өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі туберкулез болып табылады. АИТВ және туберкулез эпидемияларының өзара әрекеттесуі осы аурулардың ағымы мен салдарын күшейтеді.
Туберкулез – көбінесе ауа тамшылары арқылы таралатын инфекция, онымен балалар да, ересектер де ауыруы мүмкін.
Сондықтан туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамдар олармен қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтыру қаупін тудырады.
АИТВ жұқтырған адамдарда туберкулездің даму қаупі ерекше, оның салдары көбінесе өліммен аяқталады.
Туберкулездің өсіп келе жатқан толқыны АИТВ жұқтырған адамдарға ғана қауіп төндірмейді. Туберкулез жұқтырмаған адамдарға ауа арқылы жұғуы мүмкін.
АИТВ жұқтырған адамдарда туберкулездің даму қаупі жоғарылайды, өйткені олардың иммундық жүйесі микобактерияларға қарсы тұру қабілетін жоғалтады. Туберкулез АИТВ-инфекциясының кез келген кезеңінде дамуы мүмкін, бұл екі инфекцияның да ағымын қиындатады және оларды емдеуді қиындатады. Сондықтан біз сіздердің назарларыңызды осы екі күрделі мәселеге аударамыз: АИТВ-инфекциясы және туберкулез.
ЕСТЕ БОЛСЫН!
АИТВ-инфекциясы туберкулездің қауіпті факторы болып табылады.
ЕСТЕ БОЛСЫН!
Туберкулезден емдеу үшін, тіпті өзіңізді жақсы сезінсеңіз де, дәрігер жазып берген барлық дәрі-дәрмектерді қабылдау керек: жақсы сезіну туберкулезден толық жазылды дегенді білдірмейді.
ЕСТЕ БОЛСЫН!
АИТВ-инфекциясы бар науқастар жылына кемінде бір рет флюорографиядан өтуі керек.
Қосарланған эпидемияны бақылау екі жақты стратегияны қажет етеді: туберкулезді емдеу және жаңа АИТВ-инфекцияларының алдын алу.
Алдын алу:
- Жылына кемінде бір рет АИТВ жұқтырған барлық науқастарды туберкулезге скринингтен өткізу;
- Жасырын туберкулез инфекциясын емдеу;
- АРТ-ны үнемі қолдану;
- Салауатты өмір салты, темекі шекпеу және ішімдік ішпеу;
- БЦЖ вакцинациясы (балалар үшін тиімді, бірақ ересектерде туберкулезден қорғамайды және ауыр иммун тапшылығы бар АҚТҚ-позитивті адамдарда қолданылмайды).
Денсаулықты жақсартудың жалпы шаралары:
1. Ақуыз, витаминдер, минералдар жеткілікті мөлшерде ұтымды тамақтану.
2. Жеткілікті ұйқы және стресті бақылау.
3. Кез келген инфекцияны ерте кезеңде емдеу.
4. Жаман әдеттерден бас тарту.
5. Денсаулық жағдайына сәйкес физикалық белсенділік.
АИТВ-ға тестілеуді Астана қаласы, І.Есенберлин көшесі, 5/1 мекенжайы бойынша «АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК-да өтуге болады.
Қосымша ақпаратты немесе өзіңізді қызықтарған сұрақтарға жауапты 38-04-64, 38-07-02 сенім телефондары арқылы, сондай-ақ Астана қаласының АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының www.kazaids.kz ресми сайтынан алуға болады.
Астана қаласы әкімдігінің
«АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК
дәрігер-эпидемиологы Б.Р. Жакупова