АИТВ жұқтырған адам қалыпты өмір сүруін жалғастыру қажет – эпидемиолог
Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік АИТВ-ке қарсы күрес күні аталып өтеді. Ол күнге орай инфекцияның алдын алу мәселелері бойынша арнайы науқан ұйымдастырылады. Осы тақырып аясында Elordainfo.kz тілшісі Астана қалалық АИТВ инфекциясын алдын алу орталығының эпидемиолог дәрігері Әйгерім Ахметовамен кездесіп, аталған дерттің таралуы мен ем-домы туралы біліп қайтты.
АИТВ – ағзаның иммундық жүйесін зақымдайтын адамның иммунтапшылығы вирусы. Егер уақытында ем алмаса, инфекция жұқтырғаннан соң көп жылдардан кейін ЖИТС, яғни жүре пайда болған иммунтапшылығы синдромына айналуы мүмкін.
Елордалық эпидемиолог дәрігер аталған дерт әсіресе тәуекел тобына жататын адамдар арасында жиі кездесетінін айтты.
«Тәуекел топтарына нашақорлар, жыныстық қызмет көрсететіндер мен гомосексуалистер жатады. Қазір науқастардың көбі дертті қорғанбаған жыныстық қатынас арқылы жұқтырып жатыр», - дейді Әйгерім Ахметова.
АИТВ-ны адам ағзасындағы биологиялық сұйықтықтар, әсіресе, қан, шәует және ана сүті арқылы жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан да АИТВ-ның негізгі 3 жұғу жолы дәлелденген.
«Науқаспен қол ұстасқан кезде, ортақ ыдыс-аяқ қолданғанда, бассейн, монша немесе қоғамдық дәретхана орындарын пайдаланғанда вирус жұқпайды. Көп адамдар жәндік шақса, АИТВ жұқтырып аламын деп те ойлайды. Бұл қате пікір», - дейді ол.
Иммунтапшылығы вирусының өзіне тән белгісі жоқ. Ол ағзаға түскен соң адамның иммундық жүйесінің жасушаларын біртіндеп жоя бастайды.
«Дертке күдік туған жағдайда дереу анализ тапсырған абзал. Себебі вирус дер кезінде анықталмаса, адамға жиі суық тиіп, жөтеліп, жүдеп, әлсіз бола бастайды. Қазіргі таңда нәтижесі 10-15 минутта дайын болатын экспресс-тест бар. Оны біздің орталықта немесе кез келген емханада тегін тапсыруға болады. Ол үшін саусақтан қан алынады. Егер нәтиже күмәнді болса, иммунферментті талдау жасату үшін екінші рет анализ тапсыру қажет. Оның нәтижесі 3 күн ішінде дайын болады», - дейді Әйгерім Ахметова.
Дерт анықталған жағдайда ең алдымен АИТВ орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор.
«Бүгінгі таңда АИТВ инфекциясынан толық сауығудың әдісі жоқ. Бірақ вирусты бақылауда ұстап, ағзаға кері әсерін болдырмау үшін заманауи ем бар. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында вирусқа қарсы емді тегін алады. Мұндай препаратты күнде қабылдау арқылы адамдар толыққанды өмір сүреді. Бұл дәрі вирусты жоймайды, бірақ оның мөлшерін айтарлықтай тежейді. Медициналық тілде бұл «анықталмайтын немесе басылған вирустық жүктеме» деп аталады», - деп түсіндірді Әйгерім Ахметова.
Эпидемиолог дәрігердің айтуынша, елордада 9 ай қорытындысы бойынша 327 адамнан АИТВ анықталған.
«Ал былтыр 318 адам тіркелді. Жалпы бүгінде 3432 адам бұл дерт бойынша есепте тұр. Жасыратыны жоқ экспресс-тесттерді тәуекел тобына жататын адамдар жиі тапсырады. Бұл тест анонимді болғандықтан, адамдар еш қысылмай келіп жүреді. Ал егер тесттің екінші түрін тапсыру қажет болса, ондай жағдайда қан тапсырушы адамның жеке куәлігі керек болады», - дейді ол.
Дерт жұқтырғандар арасында жүкті әйелдер де кездеседі. Бірақ олардың сау баланы дүниеге әкелу мүмкіндігі бар.
«Әйелдер жүктіліктің бірінші триместрінде серіктестерімен бірге АИТВ анықтауға арналған анализ тапсырады. Кейін жүктіліктің 28-30 апталығында қайтадан талдау жасалады. Дерт анықталған жағдайда жүкті әйел өзі босана алмайды. Сонымен қатар бала дүниеге келген соң, оны емізуге тыйым салынады. Себебі жұқпалы ауру анасынан балаға сүт арқылы берілуі мүмкін», - дейді дәрігер.
Әдетте адамдар аталған диагнозды өте ауыр қабылдап жатады. Тіпті көптеген науқастар өмірге деген қызығушылығын жоғалтады.
«АИТВ жұқтырған адам қалыпты өмір сүруін жалғастыру қажет. Бұл аурумен қорқынышсыз толыққанды өмір сүруге болады. Тек күнделікті дәрі ішіп, дәрігерлердің бақылауында болады. Эпидемиологтардың мақсаты науқастың вирусты қалай жұқтырғанын анықтау. Дертке шалдыққан адамның соңғы уақытта кіммен байланыста болғанын сұрастырып, вирустың әрі қарай таралуына жол бермеуге тырысамыз», - дейді Әйгерім Ахметова.
Елордада АИТВ жұқтырған адамдарды қолдауға арналған «Жизнь вопреки» қоғамдық қоры бар. Қор директоры Айна Мұқышеваның айтуынша, дертке шалдыққан адамдар орталыққа келіп, ем алуға ұялады.
«Біз АИТВ жұқтырған адамға психологиялық қолдау көрсетеміз. Адамдар осы орталыққа келіп, ем алғысы келмей жатады. Себебі мұндай жерде туыстары мен таныстарын кездестіріп қалудан қорқып, ұялады. Дертке шалдыққаннан кейін өзін басқа адамдардан алшақ ұстап, күйзеліске ұшырап жатады. Қарап отырсақ, осы дертке шалдыққан адам мен сау адамның бет-әлпетінде, жүріс-тұрысында еш айырмашылық жоқ. Сондықтан да біздің орталыққа келуге ұялып немесе қорқудың қажеті жоқ. Әр науқасқа үнемі дәрігерлер айтқан дәріні қабылдап, уақытында тест тапсыру қажеттігін түсіндіреміз», - дейді Айна Мұқышева.
Қор директоры бүгінде тек вирус жұқтырған адамдар ғана емес, олардың жақындарына да психологиялық қолдау көрсетілетінін айтты.
«Бұрын біз тек дертке шалдыққан жандармен ғана жұмыс істедік. Қазір олардың жақындарымен де байланысқа шығып, қажет кезде кеңес береміз. Себебі отбасы мүшелерінде де «вирус жұғады» деген қорқыныш болуы мүмкін. Олар дертке шалдыққан адамның үйде қолданатын барлық заттарын жеке ұстап, барынша алшақ жүруге тырысып жатады. Тек бізден кеңес алған соң ғана барлығын түсінеді. Біз оларға медициналық тұрғыда вирус қай кезде жұғатынын түсіндіреміз», - дейді Айгүл Мұқышева.
АИТВ науқастарының құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Сонымен қатар бұл дертке шалдыққан адамдар үшін отбасын құруға және бала сүюге ешқандай шектеулер жоқ.