Ақпаратты адам – қарулы адам: елордалық дәрігер АИТВ-инфекциясының алдын алу туралы айтты
Әлемнің барлық елдерінде АИТВ-инфекциясы ең өзекті ауру болып қалуда. Бұл инфекция адамның иммундық жүйесіне әсер етеді және организмнің қорғаныс қабілетінің күрт төмендеуіне әкеледі. Аурудың асқынуы ЖИТС-ке, яғни жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына әкеледі.
Соңғы жылдары Астана қаласында АИТВ – инфекциясының жыныстық жолмен берілуі белең алуда. Өкінішке орай, көптеген адамдар АИТВ – инфекциясы оларға ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлайды. Бұл инфекцияны тек халықтың белгілі бір топтары – жұмыс істемейтін отбасылар, нашақорлар, секс қызметкерлері және ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар жұқтыруы мүмкін деп санайды. АИТВ эпидемиясының басында солай болған, АИТВ-ның жаңа жағдайлары дәл осы топтарда тіркелген. Бірақ бүгінде АИТВ-инфекциясы халықтың негізгі топтары шеңберінен шығып кетті және бұрын ешкім қауіпті деп қарастырмаған адмдар арасында белсенді түрде таралуда.
АИТВ – инфекциясын жұқтырудың негізгі себебі – білімсіздік пен қауіпті мінез – құлық. Кейбір адамдар өздерін АИТВ – инфекциясынан және жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғауға көмектесетін қажетті ақпарат пен дағдыларсыз кездейсоқ қорғалмаған жыныстық қатынасқа түседі. Сондай-ақ, инъекциялық есірткі қолдану АИТВ/ЖИТС эпидемиясының дамуында маңызды рөл атқарады.
Тәжірибе көрсеткендей, АИТВ-мен ауыратын көптеген адамдар диагноз қойылғанға дейін бұл вирус туралы егжей-тегжейлі ештеңе білмеген. Көбінесе адам өзінің оң мәртебесін растаған кезде ғана мәселені түсініп, әртүрлі ресурстардан ақпарат ала бастайды.
Сондықтан әрбір адам өзін қорғау үшін бірнеше ережелерді білу маңызды:
1 ереже – АИТВ-инфекциясының берілу жолдарын білу. АИТВ қан, тұқымдық және қынап сұйықтығы арқылы, сонымен қатар АИТВ жұқтырған анасынан баласына беріледі. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы АИТВ инфекциясының жұқтыру қауіпін азайтуға болады. Жыныстық қатынас кезінде қорғанысты қолдану, зарарсыздандырылған медициналық құралдарды пайдалану және жыл сайын АИТВ-ға тестіден өту инфекцияны жұқтырудың алдын алуға көмектеседі.
2 ереже – қауіпті мінез-құлықтан аулақ болыңыз – есірткі қолданбаңыз, ретсіз жыныстық қатынасқа түспеңіз.
3 ереже – салауатты өмір салтын ұстану. Спорт, таза ауа, суруендеу өмір бойына таптырмас достарға айналуы керек.
Сондай-ақ, адамға қарап АИТВ-ның бар-жоғын анықтау мүмкін еместігін атап өткім келеді. АИТВ жұқтырған адам сау болып көрінеді және өзін жақсы сезінуі мүмкін, бірақ сонымен қатар ол вирусты басқаларға жұқтыруы мүмкін. АИТВ мәртебесін анықтаудың жалғыз сенімді жолы – АИТВ инфекциясына қан сараптамасын жасау. Біздің елімізде АИТВ-ға тексерілу ақысыз, анонимді және құпия негізінде.
Қорытындылай келе, АИТВ/ЖИТС туралы ақпарат барлығына қолжетімді екенін айтқым кледі; бұл ақпаратты тиісті оқулықтардан, интернет-ресуртарынан, сондай-ақ біздің kazaids.kz сайтымыздан табуға болады.
Астана қаласы әкімдігінің
«АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының»
дәрігер эпидемиологы
Бекетова Жанна Қуанышқызы