Денсаулық

12 мамыр – Халықаралық мейіргер күні

Бүгін, 12 мамыр, Қазақстанда және бүкіл әлемде Халықаралық мейіргер күні – 141 елдің мейіргерлер қауымдастығын біріктіретін кәсіби мереке атап өтіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері, олардың 146 мыңнан астамы – мейіргер жұмыс істейді, ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман еңбек етуде.

Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.

Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде кеңейтілген практика мейіргерлері өз бетінше келесі қызметтерді атқарады:

• пациенттерді бастапқы қабылдау және динамикалық бақылау;

• медициналық құжаттар мен электрондық жазбаларды жүргізу;

• дәрігердің тағайындауы бойынша ақпараттық жүйелер арқылы тегін рецепт жазу;

• пациенттер ағынын реттеу және сұрыптау, қабылдауға жазу;

• активтерді тіркеу және тұрғындарды МСАК ұйымдарына тіркеу.

Мейіргерлердің жауапкершілігіне сонымен қатар:

• диспансерлік есептегі пациенттермен жұмыс;

• созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы және әмбебап-прогрессивті патронаж моделі шеңберінде консультация беру, оқыту және патронаж;

• вакцинациялау мен скринингтерді қоса алғанда профилактика шаралары;

• медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейдегі халықтың денсаулығын нығайтуға қатысу жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды даярлаудың сатылы жүйесін енгізді: стандартты деңгейден бастап мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін «бакалавриат – магистратура – докторантура» академиялық дәрежелеріне дейін.

Қазақстанда мейіргерлерді 94 медициналық колледж даярлайды, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие.

Жыл сайын елімізде 23 мыңнан астам жалпы бейінді маман даярланады, ал соңғы алты жылдың ішінде қолданбалы бакалавриат дипломы бар 20 мыңнан астам мейіргер денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналастырылды.