Жаңа оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы артады
Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді. Сонымен қатар биыл 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясының өлшемі өседі. Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, биыл бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады»,- деп атап өтті вице-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі ҚР Заңы қабылданды, ол азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болады және қолданыстағы қолдау шараларын біріктіреді.
Бүгінгі таңда ашылған шоттар саны 102 мың салымды құрады. Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады.