Білім

Ғылыми байқауға дайындаған педагогтерге де біржолғы ақшалай сыйақы беріледі – мәжіліс депутаты

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – ең тиімді әдістердің бірі. Кейде бір мәселені шешу үшін ұсыныс жасайсың, бірақ ол бірден қолдау таппауы мүмкін. Осындай сәттерде кейбір адамдар беті қайтып, бастамасынан бас тартады. Алайда мәселені қайта-қайта көтеріп, біртіндеп ілгерілетсең, түптің-түбінде оны толық шешу мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына университетке түсу үшін грант беру және біржолғы ақшалай сыйақы тағайындау мәселесін біз екі жыл бойы көтердік. Тіпті, ашығын айтқанда, министр болған кезімде тек халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ғана емес, ғылыми жобалардың да жеңімпаздары осы бұйрық жобасына енгізілген еді. Бірақ Қаржы министрлігі «қаражат жетпейді» деп қолдамай, сол бұйрықпен тек олимпиада жеңімпаздары қапмтылған еді», - деп жазды депутат.

Оның айтуынша, содан кейін, Парламентте жұмысты жалғастырып, тиісті түзетулерді әзірлеп, Үкіметке бірнеше рет ұсынған. Бірнеше рет істелген сәтсіз талпыныстардан соң ұсыныс жартылай шешіліп, грант бөлу мәселесі мақұлданған. Жуырда қабылданған заңға сәйкес, халықаралық ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары енді ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа ие бола алатын болды. Енді ақшалай сыйақы беру мәселесі де өз шешімін тапты.

«Осыдан кейін біз ақшалай сыйақы мәселесін қайта-қайта көтердік. Нәтижесінде, міне, ол да шешімін тапты! Біздің Комитеттің отырысында халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы беру туралы түзетулер қабылданды. Енді Жалпы отырысқа шығарылады», - деп жазды Аймағамбетов.