Ғылым және жоғары білім министрі астаналықтармен кездесті
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласының тұрғындарымен кездесіп, ғылым мен жоғары білімнің дамуына бағытталған бастамаларды талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында «Келешек» бағдарламасының жүзеге асырылуы, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, ғалымдарды әлеуметтік қолдау және жатақхана мәселесі сияқты тақырыптар қозғалды.
Министр өз сөзінде Қазақстандағы ғылым, жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы негізгі жетістіктер мен нәтижелерге шолу жасап, «Келешек» бірыңғай білім беру жинақтау жүйесін енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, бұл жүйенің ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
«ҚР Парламенті Сенаты жақында «Келешек» жинақтау жүйесінің қызметін реттейтін түзетулерді мақұлдады. Жинақтау жүйесі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру үшін әзірленген. Бұл жүйе ата-аналарға балаларының сапалы білім алуын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Мемлекет бастапқы білім беру капиталын және жыл сайынғы сыйақыны қамтамасыз етеді», - деді министр.
Сондай-ақ министр шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және технологиялар трансферті үшін жағдай жасау арқылы Қазақстанды ірі академиялық орталыққа айналдыру жөніндегі министрліктің жоспарларын атап өтті. Саясат Нұрбек шетелдік университет филиалдарының ашылуы – трансұлттық білім беру саласындағы қарқынды дамып келе жатқан үрдіс екенін айтты. Сонымен қатар елордада іске қосылып жатқан беделді шетелдік университеттердің филиалдарына тоқталды.
Министр өз баяндамасында ғалымдарды әлеуметтік қолдау шараларының ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, ғылымға жас кадрларды тарту – министрліктің басты басымдықтарының бірі. Ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған жоспарлар мен міндеттерге ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында ведомство басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындардың бірі жоғары оқу орындарына түлектердің қаржылық көмек көрсетуіне қатысты сұрақ қойды. Саясат Нұрбек бұл мәселе бойынша қазіргі таңда министрлік арнайы «Эндаумент-қорлар туралы» заң жобасы жасақталғанын, бұл құжатта эндаумент-қорлардың жұмысын реттеуге қатысты нормалармен қоса салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.
Министр кездесуге қатысушыларды тыңдап, маңызды мәселелерді белсенді талқылағаны үшін ризашылығын білдіріп, халықпен ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.