Білім

Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы жайлы мектеп қолданысқа тапсырылды

Жаңа форматтағы білім ошағы Петропавл қаласының «Орман» ықшам ауданында орын тепті, деп хабарлады Elordainfo.kz Samruk-Kazyna Construction-ге сілтеме жасап.

Оқу ұясына жақын маңдағы 3 бірдей мектептің оқушылары ауыстырылған. Нысан бір кезекте 600 орынға шақталған. Жайлы мектептің ашылу салтанатына СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысы білім ошағының қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Маңызды жайт, білім ошағының техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге, ал ауданы 20 пайызға артық. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған. Ал мектеп ауласында стадион, әмбебап спорттық және балалар алаңқайы орналасқан. Сондай-ақ, қысқы уақытта хоккей ойнау үшін кортпен қамтамасыз етілген.

«Мектебімізде оқу кабинеттері заманауи жиһазбен жабдықталған. Сонымен қатар робототехника, АӘД, метал және ағаш өңдеу шеберханасы, хореография залы бар. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында дебат, шахмат негіздері, театр және өзге де үйірмелер, волейбол, футбол, баскетбол секциялары жұмыс істейтін болады»,- дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зура Накенова.

Әр қабатта оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған коворкинг аймақтар қарастырылған. Бүгінде Петропавл қаласында дәл осындай 600 орындық екінші жайлы мектептің құрылысы жалғасуда. Заманауи білім ошағы «Береке» шағын ауданында тұрғызылып жатыр. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа тапсыру көзделген.