Білім

Шымкент қаласының әкімдігі жоғары оқу орындарына 285 грант бөледі

Шымкент әкімдігі қаладағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға шәкіртақысы бар 285 білім грантын бөледі, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.

«Биыл біз жастардың сапалы білім алуына және кәсіби деңгейі өсуіне жағдай жасау мақсатында тағы бір маңызды қадам жасадық. Қала әкімдігі мегаполистегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін абитуриенттерге шәкіртақысымен бірге 285 грант бөледі. Қаламыздың тірегі болатын жоғары білікті мамандар даярлау қажеттілігінің артып келе жатқанын ескере отырып, осындай шешім қабылдадым», - деп жазған әкім.

Қала әкімдігі гранттардың қашан және қалай бөлінетінін айтып, қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын, білім басқармасының ресми парақшасында жаңалықтарды қадағалап отыруға шақырды. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Алайда былтыр Шымкент әкімдігі білім грантын беруден бас тартқан болатын.

«Берілген гранттар сапалы білім алуға және мегаполис пен жалпы еліміздің дамуына үлес қосуға ұмтылған дарынды және ынталы жастарға жаңа мүмкіндік ашады. Білімге салынған инвестиция – біздің болашағымызға салынған инвестиция», - деді Ғабит Сыздықбеков.

Еске сала кетейік, ғылым министрі Саясат Нұрбек бакалавриатқа түсуге 79 мың грант бөлінгенін айтқан еді. Ал ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, бірақ мемлекет есебінен оқуға мүмкіндік ала алмағандарға пайдаланылмаған бірнеше мың грантты қайта бөлу қарастырылған.