Білім

Сенатта балаларға білім беруге арналған «Келешек» жинақтау жүйесі талқыланды

Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысы болды. Онда білім, мәдениет және креативті индустрия мәселелеріне қатысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Депутат Айгүл Қапбарова өз сөзінде мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру және негізгі салалардағы өзара іс-қимылды жақсарту мақсатында осы өзгерістердің маңыздылығын атап өтті. Мәдениет, білім беру және мұрағат ісі салаларын шамадан тыс регламенттеуді қысқарту, сондай-ақ жаңашылдық қадамдарын қолдау тетіктерін жақсарту – оң бастамалардың бірі болып табылады.

«Заңнамаға ұсынылған өзгерістер бюрократия кедергілерін азайтуға бағытталған. Ол білім, мәдениет және мұрағат ісі сияқты маңызды салаларды дамыту жөніндегі үдерістерді едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз мемлекеттік органдардың сапалы жұмысы мен азаматтар жағдайын жақсарту жөніндегі неғұрлым икемді және тиімді жүйені құруды көздеп отырмыз», - деді сенатор.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары заңдағы білім алу саласындағы жинақтау жүйесін дамытудың маңыздылығын басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл жүйе ата-аналарға балалардың біліміне ақша жинауға және сол үшін балалардың шотына мемлекеттен сыйлықақы алуға көмектеседі.

«Келешек» жүйесі Қазақстанда да, шетелде де білім беруге ақша жинақтау үшін қолжетімді және ашық жағдай жасауда маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама салымшыға мемлекеттік сыйлықақыны қамтамасыз етеді және инвестициялық табыс алуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе халықтың ауқымды бөлігіне тартымды әрі қолжетімді болмақшы», - деп атап өтті комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп.

Бұл бастамалар азаматтарға білім беру және мәдениет салаларында қосымша мүмкіндіктер туғызады және оларды қолжетімді етеді. Сонымен қатар ұлттық индустрияның дамуын ынталандырады және нәтижесінде еліміздің экономикалық және мәдени дамуына оң әсер етеді.