Білім

Әрбір мұғалім үздіксіз білім алуға ұмтылуы тиіс – Ғани Бейсембаев

Ғани Бейсембаев Жамбыл облысының педагогтерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Министр мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын аралап, әріптестерімен кездесті. Олардың қатарында ардагер ұстаздар, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегерлері, педагог шеберлер, педагог-зерттеушілер және «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары да болды.

 Педагогтермен кездесуде Ғани Бейсембаев еліміздің игілігі мен адами капиталын қалыптастыруда педагогтің орны орасан зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан педагогикалық қауымды қолдау мен дамытуға бағытталған шараларға тоқталып өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен Республика күні қарсаңында тарихта бірінші рет бірден екі ұстазға «Қазақстанның Еңбек ері» атағы берілді. Бұл жәйт педагог мәртебесінің артуының, оның қоғамдағы рөлі мен еңбегінің бағалануының жаңа кезеңін айғақтайды.
 

«Қоғамдағы және оқушылар алдындағы педагог мәртебесі бірінші кезекте оның адами қасиеттерімен, содан кейін ғана кәсіби деңгейімен анықталады. Егер ұлттық құндылықтар білім мен тәрбиенің негізі болса, бұл құндылықтарды бала бойына сіңіретін мұғалім адалдық, әділеттілік, әдептілік және еңбексүйгіштік қаситеттеріне ие болуы тиіс. Осы қасиеттер кәсіби біліммен ұштасқанда ғана оны нағыз ұстаз деп атауға болады. Мектептің табыстылығы мен баланың болашағы мұғалімге байланысты екенін есте сақтау керек, себебі мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақ. Сіздердің еңбектеріңіз мемлекетіміздің жарқын әрі бақытты болашағының негізі. Сондықтан, әрбір мұғалім үздіксіз білім алуға ұмтылуы тиіс», - деді министр.


Ғани Бейсембаев сондай-ақ білім сапасын арттыру, сапалы педагогикалық құрам қалыптастыру, білім беру инфрақұрылымын жақсарту және тағы басқа білім саласының сұрақтарын әріптестерімен бірге талқылады. Педагогтер министрмен еркін сұқбаттасып, өз сұрақтарын қойды.

Министр білім жүйесінде жаңа басшылар құрамын іріктеу мен қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Өңірлік білім басқармасының басшысына педагогтерді қолдау, жас мамандар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстарды күшейту және педагогикалық қауымдастық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 40 мыңға жуық педагог еңбек етеді.  
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, министр бірқатар білім беру ұйымдарын, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерді тексерді.