Қасым-Жомарт Тоқаев Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектепке барды
Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында биыл пайдалануға берілген №30 мектепті аралап көрді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1200 оқушыға есептелген білім ошағының құрылысы жергілікті бюджеттің және Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қаржыландырылған.
Заманауи үлгіде жабдықталған мектепте 77 оқу кабинеті, мультимедиа сыныптары, спорт, гимнастика, мәжіліс пен кітапхана залдары, ағаш, металл және тігін шеберханалары бар.
Президент жаңа оқу ордасын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы мектепке автобус сыйға тартты.
Жалпы биыл Жетісу облысында 3 жаңа мектеп ашылған. Оның ішінде екеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Атап айтқанда, Панфилов ауданының Жаркент қаласында 1200 орындық, Көксу ауданының Қаратал ауылында шағын жинақты мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі кезде облыс бойынша 5 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр.