Білім

Педагог-психологтар жыл сайын ондаған мың балаға қолдау көрсетіп келеді

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің 20 өңірінде Психологиялық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Бұл орталықтар мектеп психологтарына әдістемелік қолдау көрсетеді және оқушылар мен олардың ата-аналарына кеңес берумен айналысады. Жыл басынан бері орталықтар 13 мыңнан астам балаға және шамамен 10 мың ата-анаға психологиялық және консультациялық көмек ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еліміздің білім беру ұйымдарында 9 мыңнан астам маман оқушылар мен олардың ата-аналарына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуде. Жыл сайын олардың көмегін ондаған мың бала анық сезінеді.

Министрлік педагог-психологтардың штат санын арттыру, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

«Мемлекет мектептердегі психологиялық қызметті күшейтуге ерекше мән береді. Педагог-психологтардың санын арттыру, мамандарға кәсіби және әдістемелік қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, психологиялық қызмет туралы заң жобасын әзірлеу қарастырылуда. Бұл шаралардың барлығы балаларға көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған», - дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын әзірлеп, енгізген болатын. Құжат психологиялық көмек көрсету институтын жүйелі дамытуға бағытталған және қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда келісу кезеңінен өтуде.