Білім

Оқу-ағарту министрі педагог-шеберлермен кездесті

Елімізде педагог-шебер санатында 4 мыңға жуық мұғалім еңбек етуде. Бұл – педагогикалық қызметтегі жоғары біліктілік санаты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ғани Бейсембаев педагог-шеберлер білім реформаларын жүзеге асыруда негізгі рөлге ие екендігін атап өтті. Олар – білім беру жүйесінің жаңашыл көшбасшылары.

«Біздің бүгінгі міндетіміз – мұғалімнің мәртебесін нығайтып қана қоймай, педагог-шеберлердің білімі мен тәлімгерлігі еліміздің барлық педагогтері үшін ресурсқа айналатындай жағдай жасау», – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ жиында педагог-шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Алматылық ұстаз Гүлмира Асанбекова авторлық жобасы аясында 855 жас мұғалімге тәлімгерлік көрсеткен, маңғыстаулық Ержан Жұмаділов 10-11-сынып оқушыларына тегін онлайн курстар жүргізіп келеді, ал қарағандылық Нұрсұлтан Ахметов – жасанды интеллектті оқу үдерісіне табысты енгізген жаңашыл педагог.

Кездесу соңында министр жауапты құрылым басшыларына шебер-педагогтердің үздік тәжірибелерін республика көлемінде педагогтер арасында тарату жұмыстарын жүргізуді тапсырды.