Білім

Сәтбаев университеті жанынан БҰҰ-ның Тұрақты даму орталығы ашылды

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары: экологиялық қауіпсіздік қағидаттары» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elorda.info

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстанның экологиялық қоғамдастығын Сәтбаев Университеті жанына біріктіру, сондай-ақ адамзат алдында тұрған экологиялық мәселелердің сенімді және тиімді шешімдерін ілгерілетуді дамыту үшін жүргізілетін зерттеулерді жеделдету және үйлестіру. 

Шара аясында Тұрақты даму жөніндегі орталықтың – Қазақстанда университет жанынан ашылған алғашқы орталықтың салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Университеттің Тұрақты даму мақсаттар жөніндегі стратегиясы қабылданды.

Орталықтың ашылу салтанатына ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова (онлайн), БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Экология және энергетика департаментінің директоры Әсел Нұрбекова, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй   қатысты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары – елдің өркендеуіне бағытталған өршіл мақсаттардың жиынтығы болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстан дамуының негізгі міндеттеріне еліміздің су қауіпсіздігі мен білім сапасын қамтамасыз ету мәселелері де кіреді. Тұрақты даму мақсаттары аясында жүргізілетін жұмыстар бірінші кезекте осы мәселелерді шешуге арналған,- деді университеттің басқарма төраға-ректоры Мейрам Бегентаев.

Сәтбаев Университеті БҰҰ Жаһандық шартына енгізілген Қазақстан Республикасындағы бірінші және әзірге жалғыз университет болып отыр. Бұл университетке тұрақты дамудың 17 түрлі мақсатын ұлттық және жаһандық деңгейде белсенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Олардың ішінде: кедейшілікті жою, аштықты жою, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту, сапалы білім беру, гендерлік теңдікті қалыптастыру, халықты таза сумен қамтамасыз ету және санитарияны сақтау, секілді қағидаттар қамтылған. 

Университет жанынан ашылған Тұрақты даму орталығы қоғамның үзіліссіз дамуының практикалық шешімдерін әзірлеуге арналған және ол өзгерістердің бастамашы күшіне айналары сөзсіз. Орталық қоршаған ортаға адамның әсерін азайтуға көмектесетін және тұрақтылық мәселелері мен оларды шешу жолдары туралы адамдарды хабардар етуді арттыруға көмектесетін жаңа технологиялар мен әдістерді әзірлейтін болады»,-деді университет басшысы М. Бегентаев.

Іс-шараға жиналған қауым осындай маңызды орталықтың ашылуын жоғары бағалады, өйткені ол экономиканы дамытып, қоғамның тұрмыс жағдайын жақсартуда шешуші рөл атқаратын болады. Университеттің «жасыл университет» құру жолындағы барысын қолдау мақсатында және Орталықтың ашылуына орай университеттің іскерлік серіктесі Сәбденов Дәурен Асқарұлы Сәтбаев Университетіне екі электромобильді – атап айтқанда, 1-ші буынды екі HONDA маркалы көлігін сыйға тартты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстанның экологиялық қоғамдастығын Сәтбаев Университеті жанына біріктіру, сондай-ақ адамзат алдында тұрған экологиялық мәселелердің сенімді және тиімді шешімдерін ілгерілетуді дамыту үшін жүргізілетін зерттеулерді жеделдету және үйлестіру болып табылады.