Білім

Министр педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілдерін қайта қарауды ұсынды

Оқу-ағарту министрі «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы АҚ-ның басшыларымен жиын өткізіп, 2024 жылдың жұмысын қорытындылады және 2025 жылы жүргізілетін жұмыстардың басым бағыттарын айқындады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазіргі уақытта министрліктің бағынысты ұйымы мектепке дейінгі, орта, арнайы білім беру педагогтеріне олардың бейіндік қызметтеріне қарай пәндік және цифрлық құзыреттерді дамыту, инклюзиялық білім беру бойынша курстар өткізуде. Өткен жылы 80 мыңнан астам педагог тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті, оның ішінде 57,8% – ауыл мектептерінің мұғалімдері.

«Білім беру саласындағы қазіргі талаптар мен тенденцияларға сәйкес педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілдерін қайта қарау және курс бағдарламаларын жаңарту қажет. Себебі білім сапасы мұғалімдердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Еліміздің үздік педагогтерімен тәжірибе алмасу және жас мұғалімдерге шеберлік сыныптарын өткізу мүмкіндіктерін қарастыра отырып, оларға курстан кейінгі кәсіби қолдау көрсету маңызды», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Жиын соңында 2025 жылға негізгі бағыттар айқындалды, оның ішінде педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын жаңарту, көбірек тәжірибеге бағдарлау және үздік халықаралық әдістемелерді педагогтерді кәсіби дамыту жүйесіне интеграциялау, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасауға басымдық берілді.