Білім

Мектептердің 90%-да кедергісіз орта қалыптастырылды – министрлік

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беру ортасын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің мектептерінің 90%-да кедергісіз орта құрылды, ал балалардың арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылуы 80%-ға жетті. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қолдау кабинеттері мен жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді.

«Инклюзивті және кедергісіз білім беру ортасын құру – барлық оқушылар үшін тең білім алу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін негізгі фактор. Арнайы ұйымдар желісі 496-ға дейін көбейді, одан бөлек 96 балаларды қолдау кабинеті ашылды», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева.

Қазіргі уақытта елімізде барлығы 221 ППТК, 105 ПМПК және 1 071 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинеті жұмыс жасайды.