Мектептерде білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі басталды
7 сәуірден бастап Қазақстанның мектептерінде екі мыңға жуық мектептің 90 мыңнан астам 4-ші және 9-шы сынып оқушылары қатысатын білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ) басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ББЖМ – бұл оқушылардың білім сапасын бағалауға бағытталған ұлттық қазақстандық зерттеу құралы. Ол оқу бағдарламаларының тиімділігін талдауға, оқу-тәрбие процесіндегі күшті және әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Оның түпкі нәтижесі – білім сапасын арттыру үшін әр өңірге кешенді талдау жасай отырып, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Мониторинг функционалдық сауаттылықтың үш бағытын бағалайды: оқу, математикалық және жаратылыстану. Оқушылар компьютерлерде тестілеуден өтеді.
Сонымен қатар ББЖМ аясында білім беру жетістіктері үшін әртүрлі контексттік факторларды анықтау үшін сауалнама жүргізіледі. Сауалнамаларды оқушылар, педагогтер, мектеп басшылары және 4-сынып оқушыларының ата-аналары толтырады.
Мониторинг жүргізу рәсімі стандартталған және халықаралық тәсілдерге сәйкес ұйымдастырылған. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың басында ББЖМ халықаралық RCEC – сапа белгісін алды. Бұл сенімділігін, шынайылығын және халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайды.