Мектепке дейінгі ұйымдардың үздік педагогтері анықталды
Мұғалімдер күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Балаларды ерте дамыту институты ұйымдастырған «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен мектепке дейінгі білім берудің 227 педагогі қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастыруда заманауи тәсілдерді іске асыру үшін үздік педагогикалық тәжірибелерді анықтау және тарату.
Бірінші турда қатысушылар өздерінің портфолиоларын ұсынып, «Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеудегі заманауи педагогтің рөлі» тақырыбында эссе жазды, сондай-ақ жұмыс күнінен бейнематериалдар көрсетті. Екінші турда қатысушылар өздерінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесін таныстырды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Батыс Қазақстан облысынан келген балабақша тәрбиешісі Айжан Нұрсейітоваға бұйырды.
І орынды Батыс Қазақстан облысының №3 «Елочка» балабақшасының тәрбиешісі З.Орынғалиева, Қызылорда облысының №19 санаторий-балабақшасының тәрбиешісі Э.Абдуайтова және Ақмола облысының «Жұлдыз» балабақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы А.Ғабидуллина иеленді.
II орынды Қарағанды облысының «Балдырған» арнайы балабақшасының логопед-мұғалімі Е.Дегтярева, Тараз қаласының №8 бөбекжай-бақшасының қазақ тілі педагогі Б.Үмбетова, Шығыс Қазақстан облысының «Еңлік» бөбекжай-бақшасының музыкалық жетекшісі А.Бекшойнова иеленді.
III орынға Қостанай облысының №15 бөбекжай тәрбиешісі Т.Кудрявцева, Жетісу облысының «Арай» балабақшасының тәрбиешісі А.Душабаева, Павлодар облысының №8 балабақшасының тәрбиешісі М.Сырымбаева және Ұлытау облысының «Ақерке» бөбекжайының тәрбиешісі С.Ибрагимова лайық деп танылды.
Сондай-ақ, жеңімпаздарға «Шебер педагог», «Креативті педагог», «Өнерлі педагог» және «Жаңашыл педагог» арнайы номинациялары табысталды.