Білім

Мектеп оқушылары Еуропалық олимпиадада төрт жүлде иеленді

Болгарияның Шумен қаласында IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы (EJOI-2025) өз мәресіне жетті. Байқауға 24 елден 100-ден астам жас бағдарламашы қатысты. Барлығы 52 медаль сарапқа салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті – команданың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанды. Біздің оқушылар қоржынын бір күміс және үш қола медальмен толықтырды.  Жас информатиктерімізді және олардың жаттықтырушыларын лайықты жеңісімен құттықтаймыз!», - деп жазылған хабарламада.

 Күміс медаль – Құрмет Әбілмансұр, Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы.
 Қола медаль – Шаймерден Нұрәлі, Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы;
 Қола медаль – Юсупов Саят, Өскемен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы;
 Қола медаль – Мұғжан Дінмұхаммед, Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы.
 
Команданы тәжірибелі тәлімгерлер дайындады:
• Әлімжан Аманов, PhD, Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры;
• Батыр Сардарбеков, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы.
 
 EJOI-2025 қорытындылары қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін және отандық бағдарламалау мектебінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.