Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды
Елімізде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, ол 10 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Естеріңізге сала кетсек, Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүзеге асырылды.
Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 51 мыңнан астам өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша – кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, - делінген хабарламада.
Бейінді магистратураға түсуге ниетті түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл құрайды.
Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Айта кетейік, магистратурада оқу үшін 2025 жылы 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-18 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-на қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.