Білім

Маңғыстауда «Отпан» тірек мектептер желісін дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр

Білім сапасын арттыру мақсатында осы жылдың сәуір айында ҚР Үкіметімен Маңғыстау облысында тірек мектептер желісін дамытуға бағытталған «Отпан» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жобаға 50 мектеп қосылды. Бұл мектептерде 60 мың оқушы білім алып, 7 мың педагог қызмет атқарады, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бейнеуге жұмыс сапары кезінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жобаның жүзеге асырылуымен танысты.

Оның айтуынша мемлекет білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Өткен жылдан бастап елімізде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы аясында жеке инвесторлардың қатысуымен өңірлік бастамалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде әсіресе, Ақтөбе облысындағы «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру», Алматы облысындағы «Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру», Маңғыстау облысындағы «Отпан» тірек мектептер желісін дамыту», Ұлытау облысындағы Ustaz Ulytau жобаларын атауға болады.

«Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы бұл білім сапасын арттыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы маңызды қадам, ол оқу процесінің барлық аспектілерін қамтиды. Ол білім инфрақұрылымын жаңарту, мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтау ғана емес, сондай-ақ білім берудің жаңа әдістерін енгізу. Жобаның маңыздылығы педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруге басымдық берілуінде. Республикалық жобаның алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде ауыл мектептерінде білім сапасының орташа 7-9%-ға артқанын көрсетіп отыр», - деді министр.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау облысында бүгінде 50-ден астам білім беру кеңістігі жаңартылды, оның ішінде пәндік кабинеттер мен STEM-зертханалар бар. Арт-және телестудиялар, балалар үшін демалыс аймақтары жасақталды. 300-ге жуық педагог пен мектеп әкімшіліктері кәсіби біліктілігін арттырды.

Жоба екі жылға созылады. Оның қатысушыларының оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізіледі, аяқталғаннан кейін «Өрлеу» БАҰО АҚ мен Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА жобадан кейінгі сүйемелдеу көрсетеді.