Білім

Елордалық мектепті жөндеу мәселелері мәслихат төрағасының жеке бақылауына алынды

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Зейнұлқабден Табиғат «Байқоңыр» ауданында орналасқан №23 орта мектептің жөндеу мәселелерін жеке бақылауына алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгін әріптестеріммен бірге Құрылыс басқармасының басшысы, Білім басқармасы басшысының орынбасары және аудан әкімдігінің өкілдерімен №23 мектепте кездесіп, «Байқоңыр» ауданының белсенді тұрғындары Қарлығаш Нәбиуллина және Тілектес Тіленовамен мектеп мәселесін талқыладық.

Жұмыстарды үйлестіру бойынша ортақ шешімдер қабылданып, техникалық сараптаманы жедел жүргізу бойынша жауапты органдар белгіленді. Сонымен қатар мектепті барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстарын тезірек бастау мәселелері қаралды. Бұл мәселе жеке бақылауыма алынды», - деп жазды Зейнұлқабден Табиғат.

Фото: instagram.com/tzeinulkabden

Айта кетейік, 2021 жылы елорданың «Байқоңыр» ауданында орналасқан №23 орта мектепке ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін білім беру мекемесінде түрлі құрылыс ақаулары мен кемшіліктер анықтала бастады. Ең маңызды мәселелердің бірі – шатырдан судың ағуы және ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарының сапасыз орындалуы болды.