Елордада балаларды мектепке дайындау мәселелері бойынша семинар өтті
Бүгін елордадағы Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейде балабақша әдіскерлері мен бастауыш сынып бойынша мектеп директоры орынбасарларының қатысуымен «Мектепалды топ балаларын мектепке бейімдеу» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл шара балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайтып, балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетуге бағытталған.
Жиында балабақшада тәрбиеленіп жатқан балалардың дағдылары мен қажеттіліктерін ескере отырып, мектепке бейімдеудің тиімді жолдары, балалардың жаңа ортаға үйреніп, сіңісіп кетуіне жағдай жасауға қатысты жұмыстарды жандандыру мәселелері қарастырылды.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Балаларды ерте дамыту» институтының директоры Мария Ерманова мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен балабақшаға баратын балғындардың мектепке барар кездегі дағдыларды игеруі, оларды бақылау мен білім беру ұйымдарының арасындағы байланыс туралы баяндады.
«Білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген. Оған сәйкес білімнің бірізділігін, сабақтастығы және үздіксіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Балаларды ерте дамыту» институты бірлесіп іс-қимыл жоспарын жасадық. Тірек мектептері мен тірек балабақшалары анықталып, олардың арасында байланыс орнатылды. Мониторинг негізінде баланың жеке даму картасын жүргізуге назар аударылатын болды. Бізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бағдарламасы бар, соның аясында жылына 3 рет бала тиісті дағдыларды қалай игеріп жатқанын анықтау мақсатында мониторинг жүргізіледі», - деді Мария Ерманова.
Мамандардың айтуынша, балабақша мен мектептің арасындағы сабақтастық бірінші сынып оқушыларының мектепке бейімделуі мен мектеп бағдарламасын толық және сапалы игеруіне ықпал етеді.
«Ұлттық баяндамада білім берудің барлық сатысы қамтылған. Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» бұл бағытта арнайы «Білім беру округтері» жобасын қолға алды. Оған мектепке жақын орналасқан бірнеше балабақша кіріктірілген. Аталған жобаның өзі бірнеше шағын жобаға бөлінді. Мәселен, «Педагогикалық сабақтастық» бойынша мұғалім мен тәрбиеші арасында байланыс орнатылса, Adaptation days балаларды мектепке бейімдеуге бағытталған. Ал «Балақайлар мектебі» деген қысқа мерзімді курс 3 жылдан бері мектептерде өткізіліп жүр, биылдан бастап балабақшаларға да енгізілді. Өткен оқу жылында оған елорданың 75 мектебі қатысты. 1700-ден астам бала өздерінің болашақ мұғалімімен, сыныптастарымен және мектеппен танысты», - деді «Әдістемелік орталық» МКҚК басшысының орынбасары Алма Мұхамеджанова.
Алма Қайыркенқызының айтуынша, баланың мектепке психологиялық дайындығы, балабақша тәрбиешісі мен бастауыш сынып мұғалімінің бірлескен жұмыстары оң нәтиже берері анық.
«Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасын жүзеге асыру мақсатында Астана қаласында Жол картасы дайындалды. Онда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын дамыту мәселелері қарастырылған. Жоспарға сәйкес, қаңтар-ақпан айында педагогикалық сабақтастық бойынша жұмыс күшейтіледі. Алдағы оқу жылында 1 сыныпты алатын мұғалімдер балабақша тәрбиешілерімен тәжірибе алмасады. Мектепке келетін балалардың мемлекеттік бағдарламаны меңгеруін бақылап, қажет болса, тәрбиешілер мен ата-аналарға кеңес береді. Өйткені балабақшаның бағдарламасы басқа, ал орта білім беру ұйымының бағдарламасы бөлек», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Амирхамзина.