Білім

Елордада алғаш рет XXI халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді

13-17 қаңтар аралығында Астанада алғаш рет IZhO-2025 математика, физика және информатика пәндерінен Республикалық физика-математика мектебі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия секілді әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысады. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың қорытындысы бойынша анықталады.

Олимпиада бес күнге созылады және екі кезеңнен тұрады. Тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді және оларды халықаралық қазылар алқасы құрастырды. Қазылар алқасының төрағасы – белгілі қазақстандық ғалым-математик, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев.

«Математика, физика және информатика пәндерінен оқушыларға арналған Халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 21-ші рет өткізілуде. Биыл ол алғаш рет Астанада өтеді. Қатысушылар техникалық жарақтандырылуы осы олимпиаданы өткізу шарттарына толық сәйкес келетін Республикалық физика-математика мектебі мен Astana IT университетінің аудиторияларында теориялық және практикалық кезеңдерде өз білімдерін сынайды», - деп атап өтті «Дарын» РҒПО директоры Ғажембек Тұрсынов.

Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша қатысушылар қатысу сертификаттары мен естелік сыйлықтар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі дәрежелі дипломдар, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасы 2005 жылдан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді.