Білім

Еліміздегі облыстардың бірінде мектептер мен колледждердегі сабақтар тоқтатылды

Бүгін, 6 қарашада Маңғыстау облысындағы мектептер мен колледждерде сабақ қашықтан оқытылады. Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

«6 қарашада ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтау, Жаңаөзен қаласының, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы аудандарының мектептерінде бірінші ауысымдағы сабақтар қашықтықтан оқыту режиміне ауыстырылды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар барлық колледжде сабақтар қашықтан оқыту режиміне көшірілді. Маңғыстау облысының білім басқармасы өкілдері өзгерістер енгізілген жағдайда қосымша ақпарат берілетінін мәлім етті.

Айта кетейік, 5 қарашада Ақтауда қатты жел тұрып, ағаштар мен аялдамалар құлап, бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген болатын.