Білім

Елімізде гранттар саны 1,4 есеге өсті – вице-министр

Бүгінгі таңда республикада 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 шетелдік университет филиалдары бар, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғары білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624 500 бакалавриатта, 39 200 магистратурада, 7 600 докторантурада және 8 900 резидентурада білім алып жатыр.

Биыл көрсеткіштер бойынша шетелдік студенттер саны 31,5 мыңды құрайды. Азия елдерінен – 17 456 адам, ТМД елдерінен – 12 816 адам.

Ғылым және жоғары білім вице-министрінің айтуынша, биыл ЖОО түлектерінің саны 177 586 адамды құрайды. Оның ішінде бакалавриат бойынша 149160, магистратура, резидентура – 26093, докторантура – 2333 адамды құрайды.

«Түлектердің басым бөлігі келесі бағыттар бойынша маманданды. Педагогикалық мамандықтар бойынша – 48 428, бизнес, басқару және құқық – 24 666, инженерлік ғылымдар – 24 320, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 13 393, денсаулық сақтау – 10 300 және ауыл шаруашылығы – 1 776 студент», - деді вице-министр.

Талғат Ілиясұлы соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өскенін атап өтті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді (бакалавриат – 77 084, магистратура – 13 113, докторантура - 2 919).

Сонымен қатар биыл 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың шәкіртақысы артады.

«Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, осы жылы бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады», - деді ол.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Осы ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады.

Жоғары оқу орындарында оқу жылы шілденің 10-на дейін аяқталады және сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар 2025 жылы 217 мыңға жуық талапкер оқуды бітіреді, оның ішінде 183 мың адам ҰБТ-ға тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 30 мыңға артты. Бұл ретте 16 мамырдан бастап 46 өңірлік орталықтарда жоғары оқу орындарына үміткер талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізіліп жатыр. ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлерге осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. Өңірлік тестілеу орталықтары 46 елді мекенде орналасқан және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13 мен 20 аралығында жүргізіледі. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына тіркелу 25 тамызға дейін өтеді.