Білім

Елімізде ғалымдардың көбі 40 жасқа толмаған

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында еліміздегі ғалымдарға қандай жағдай жасалып жатқанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еліміздің ғылыми әлеуеті – 25,5 мың ғалым, оның 46%-ы 40 жасқа дейінгі мамандар. Ғылым саласында 425 ұйым жұмыс істейді.

«Енді гранттық конкурстар жыл сайын өткізіледі. Бұрын 3 жылда бір өткізілетін. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілді: постдокторанттар мен жас ғалымдарға гранттар, әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыру, іргелі институттарды тікелей қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар және мега-гранттар енгізілді. Қазіргі таңда 264 ғылыми-техникалық бағдарлама, 2 361 ғылыми жоба (оның 835-і жас ғалымдарға тиесілі) және 208 коммерцияландыру жобасы қаржыландырылуда. 1 475 ғалым шетелде ғылыми тағылымдамадан өтті», - дейді министр.

Министр жас ғалымдарға арналған гранттар конкурстарының арқасында 2 мыңнан астам зерттеуші 835 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алғанын айтты.