Елімізде 200 мыңнан астам мұғалім ЖИ-ді қолдануды үйренді
Қазақстанда педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқыту бағдарламасы жалғасуда. Биылғы жаңа оқу жылында 200 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні білім беру процесінде қолдануға арналған тегін курстан өтті, олардың 140 мыңға жуығы арнайы куәлік алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ең белсенді қатысушылардың қатарында Шымкент қаласы, Түркістан және Жамбыл облысының педагогтері бар. Курсқа негізінен бастауыш сынып мұғалімдері қатысқан.
Бағдарламаны ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, халықаралық тәжірибе негізінде әзірлеп, қазақстандық жағдайға бейімдеген.
Оқыту барысында мұғалімдер:
-жасанды интеллект құралдарын тиімді және этикалық тұрғыдан дұрыс қолдану;
-промпт жазу;
-сабақ жоспарлау;
-тестілеу және оқу материалдарын дайындау тәсілдерін меңгереді.
Бағдарламаға Қазақстанның кез келген өңіріндегі педагог reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркеліп, LMS платформасында ыңғайлы уақытта тегін онлайн қатыса алады.