Білім

Елімізде 86 жаңа мектеп ашылды

Оқу жылының басынан бері өңірлерде 130 мың оқушыға арналған 86 мектеп ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 74,8 мың оқушыға арналған 27 мектеп, оның ішінде Астанада тоғыз мектеп ашылды. Жобада білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Талаптардың қатарында қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету бар», - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 18 мектеп ашылды, тағы 41 мектеп республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ инвестициялар есебінен қолданысқа берілді.