Білім

Елімізде 13 мыңнан астам білім алушы магистратураға грантқа түсті

Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл магистратура бойынша кешенді тестілеуге 51 мыңнан аса өтінім түсті. Бұл былтырғыға қарағанда 9,5 мыңға артық. Тестілеуге қатысқан 47 798 үміткердің жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 23 065 талапкер, шекті балды еңсерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министрлік деректеріне сәйкес, орташа көрсеткіш жоғарылады, КТ-ның орташа балы 72,9-ға жетіп отыр. 

Магистратураға 13 554 грант бөлініп, оның ішінде инженерлік-техникалық бағыттар (3 338), педагогикалық ғылымдар (3 225), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (1 315) және жаратылыстану ғылымдары (1 268) басымдыққа ие болды.

Биыл докторантураға сұраныс деңгейі едәуір жоғары болды. Қабылдау сынақтарына 4 307 адам қатысып, оның 3 146-сы ғылым жолында ілгері қадам жасауға мүмкіндік алды.

2025-2026 оқу жылына докторантураға 2 919 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде педагогикалық ғылымдарға – 486, инженерлік және құрылыс салаларына – 615, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 161 грант қарастырылған.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда докторантураға қабылдау толықтай жоғары оқу орындарының құзыретінде. Бұл – университеттердің академиялық еркіндігі мен дербестігін арттыратын маңызды қадам.