Елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау жүріп жатыр
Балаларды орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкімет қызметі мен eGov mobile қосымшасы арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде - тікелей мектептерге апарып, тапсыруға болады.
Өтініштер 31 тамызға дейін мереке және демалыс күндерін қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Құзырлы ведомствадағылар атап өткендей, 1-сыныпқа 6 жасқа толған балалар, сондай-ақ жылдың соңына дейін, яғни 31 желтоқсанға дейін алты жасқа толатын балалар қабылданады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау eGOV.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Қандай құжаттар керек?
- баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші (электронды түрде толтырылады);
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- 026/у-3 және 063/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат;
- оқушының 3х4 өлшеміндегі екі фотосуреті.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылғы 1 сәуірден бастап 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды. Бүгінгі күнге дейін еліміздің мектептеріне 273 643 бала қабылданды, олардың 70%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған.